Иран бейсенбі күні Ұлыбритания, Германия және Франциямен ядролық бағдарлама және Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастау бойынша келіссөздің жаңа кезеңін өткізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, жұма күні Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Бақайи: “Женевада бейсенбі күні сарапшылар деңгейінде Иранға қарсы санкцияларды алып тастау және ядролық бағдарлама бойынша мәселелерді талқылауға бағытталған келіссөздің жаңа кезеңі өтті”, — деді.
Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі (Ұлыбритания, Германия және Франция) арасындағы келіссөздердің соңғы кезеңі ақпан айының соңында Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчидің БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясына қатысу үшін Женеваға барған сапары аясында өткен болатын.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казим Ғарибабадидің айтуынша, Арақчи Франция, Германия және Ұлыбритания мемлекеттерінің өкілдерімен кездесіп, ядролық келісімді талқылады. Сондай-ақ, ол тараптардың мәселені шешуге ұмтылатынын айтты.
Айта кетейік, Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер екі жылдық үзілістен кейін 2024 жылдың 29 қарашасында Женевада өтті. Келіссөзде Иран делегациясын Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи басқарды.



















