Иран мен Пәкістан лаңкестікті айыптап, Израильге бірлесіп қарсы тұратындарын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Исламабадта өткен Парламент спикерлерінің конференциясы аясында Иран Парламенті спикерінің орынбасары Әли Никзад пен парламенттік делегация мүшелері Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Сардар Аяз Садықпен кездесті.
Әли Никзад кездесу барысында Пәкістан Үкіметі мен парламентіне көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар, Никзад Исламабадта болған лаңкестік шабуылды қатаң айыптап, шабуыл құрбандарының отбасыларына көңіл айтты.
Конференцияға қатысқаны үшін Әли Никзадқа ризашылығын білдірген Аяз Садық Иран халқының сионистік режимнің басқыншылығына қарсы төзімділігін жоғары бағалап: “Иран Израильге лайықты жауап берді. Бұл жеңіспен Иран халқын құттықтаймыз. Иран мен Пәкістанның ортақ жаулары бар. Солардың бірі – Израиль”, – деді.
Тараптар сионистік режимге қарсы ортақ ұстанымдарын растап, лаңкестік пен агрессияны айыптады.
Сондай-ақ, олар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және ислам әлемінің бірлігін нығайту қажеттігін қуаттады.



















