Иран Президенті Масуд Пезешкианның Мәскеуге сапары барысында Иран мен Ресей арасындағы серіктестік туралы келісімге қол қойылады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иранның Ресей Федерациясындағы елшісі Казем Джалали Ресей мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның Мәскеуге сапары кезінде қол қойылатынын мәлімдеді.
Мәскеудегі Иран елшілігі Казем Джалалидің Ливанның Al Mayadeen телеарнасына берген сұхбатына сілтеме жасап: «Бұл келісім Қазан қаласында 22-24 қазанда өтетін БРИКС саммиті кезінде қол қоюға дайын болды. Алайда екі елдің президенттері Ашхабадта өткен кездесуде екіжақты сапарлар кезінде құжатқа қол қоюға келісіп, Ресей Президенті Владимир Путин Масуд Пезешкианды Мәскеуге келуге шақырды», — деп жазды.
Иран елшісі атап өткендей, бұл жаңа келісім екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды.
Айта кетейік, Владимир Путин мен Масуд Пезешкиан 11 қазан күні Ашхабадта өткен Мақтымқұлы Фрағының туғанына 300 жыл толуына арналған «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форум аясында бірінші рет кездесті.
Бұған дейін Пезешкиан Тегеранның 22-24 қазанда Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитінде Мәскеумен жан-жақты стратегиялық серіктестік келісіміне қол қоюдан үмітті екендігін мәлімдеген болатын.
18 қыркүйекте Владимир Путин келісім жобасын мақұлдады. Ал, 4 қазан күні Ислам Республикасының Ресейдегі елшісі Джалали құжаттың қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.
















