Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт Раванчи Иран өз аумағында бейбіт мақсатта пайдалану үшін уран байытуды талап ететінін қуаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер бойынша орынбасары Маджид Тахт Раванчи британдық ВВС телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол сонымен қатар АҚШ дипломатиялық келіссөздерді қайта бастағысы келсе, Иранға шабуыл жасаудың кез келген басқа жоспарынан бас тартуы керектігін баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Иранның уранды өз аумағында бейбіт мақсатта пайдалану үшін байытуды талап етіп отырғанын қуаттап: «Оның деңгейі туралы талқылауға болады. Оның қуаты жайлы қарастыруға болады, бірақ «байытуға болмайды, байыту нөлге жетуі керек, егер келіспесеңдер, біз сендерді бомбалаймыз» деу – “орман заңы», — деді.
Ол сондай-ақ, Иран-АҚШ келіссөздерінің болашағы туралы сұраққа берген жауапта келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігінің күні келісілмегенін және күн тәртібінде не болатынын білмейтінін айтты.
Тахт Раванчи: «Қазір біз: “Біз келіссөз жүргізіп жатқан кезде агрессия әрекеті қайталануы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап іздеп жатырмыз.
Америка Құрама Штаттары осы өте маңызды мәселе бойынша және осындай сұхбат орнату үшін қажет сенім қалыптастыруда бізге не ұсынбақ, осының барлығы толығымен айқын болуы керек”,- деді.
Иран СІМ орынбасары “Иран өзінің ядролық бағдарламасын кез келген келісімнің бір бөлігі ретінде, мүмкін, санкцияларды жеңілдету немесе елге инвестиция салу мүмкіндігінің орнына қайта қарай ала ма?” деген сұраққа: «Неліктен біз мұндай ұсыныспен келісуіміз керек?» — деп жауап берді.
Ол Иранның бағдарламасы, соның ішінде уранды 60 пайызға байыту бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін қайталады.
ВВС хабарлауынша, Тахт Раванчи сұхбатында Иранның Парсы шығанағындағы араб одақтастары диалогқа қажет кеңістік қалыптастыру үшін бар күш-жігерін салып жатқанын да айтты.
«Біз соғысты қаламаймыз. Біз диалог пен дипломатияға жүгінгіміз келеді, бірақ біз дайын болуымыз керек. Тағы да қапыл қалмауымыз үшін сақ болуымыз керек», — деді.
















