Тегеран Вашингтонның шабуылына жауап ретінде аймақтағы Америка Құрама Штаттарының нысандарына жаңа шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран бүгін, жұма күні таңертең Иордания, Бахрейн және Кувейттегі америкалық базаларды зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен нысанаға алғанын мәлімдеді.
АҚШ қарулы күштері Тегеранның әскери әлеуетін әлсірету мақсатында алтыншы түн қатарынан Иран аумағына әуе шабуылдарын жасады. Соңғы шабуыл сериясы жұмаға қараған түні Иранның Әскери-теңіз күштері мен Ислам революциясы Сақшылар корпусының негізгі нысандарына бағытталды. Атап айтқанда, Қешм аралы мен елдегі ең ірі порт орналасқан Бендер-Аббас маңындағы аудандар нысанаға алынды. Иран бұған жауап ретінде Парсы шығанағы аймағындағы Американың әскери базаларына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады.
Тегеранның шабуылына Иорданиядағы әскери-әуе база, сондай-ақ Бахрейн мен Кувейттегі америкалық нысандар ілікті. Куәгерлердің айтуынша, Катар астанасы Дохада бірнеше рет жарылыс дыбысы естілген. Сондай-ақ, осы елдің Ішкі істер министрлігі зымыран сынықтарының құлауынан бір баланың жараланғанын растады.
Сонымен қатар, Ислам революциясы Сақшылар корпусы Сирия аумағында орналасқан АҚШ-тың арнайы операцияларды басқару орталығына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Корпустың хабарлауынша, соққы салдарынан америкалық күштердің радиолокациялық станциясы мен тікұшақтары жойылған.
Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ-тың соңғы шабуылдары салдарынан бес көпір мен Бендер-Хамир қаласындағы теміржол вокзалы, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысындағы Ираншеһр әуежайы зақымдалған. Иран, Қақтығыс, Әскери база, Парсы шығанағы












