Иран Президенті Масуд Пезешкиан халықаралық қоғамдастық зорлық-зомбылықты, тұрақты атысты дереу тоқтатып, Израильдің Ливандағы қатыгез әрекеттерінің алдын алу керектігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде елінің бұрынғы президенті марқұм Ибраһим Раисиді еске алды.
Масуд Пезешкианның БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзі төмендегідей: «Мен өз елімнің дамып келе жатқан әлемдік жүйеде тиімді және сындарлы рөл атқара алатындай жаңа дәуірге қадам басуы үшін берік негіз қалауға тырысамын. Менің мақсатым – қазіргі әлемнің қажеттіліктері мен шындықтарын ескере отырып, өз елімнің сыртқы байланысын құрылымдау кезіндегі кедергілер мен мәселелерді шешу.
Соңғы бір жылда әлем Израиль режимінің шынайы болмысына куә болды. Әлем осы режимнің Газа секторында айуандық жасағанына куә болды. Израиль он бір айдың ішінде 41 мыңнан астам жазықсыз адамды, соның ішінде әйелдер мен балаларды қатыгездікпен өлтірді. Режим басшылары бұл геноцидті, балаларды өлтіруді, әскери қылмыстарды және мемлекеттік лаңкестікті «өзін-өзі заңды қорғау» деп атады.
Еліміздегі ғалымдарды, дипломаттарды, тіпті біздің құрметті қонақтарымызды да өлтірген осы Израиль болды. ДАИШ сияқты лаңкестік топтарға жасырын да, әшкере қолдау көрсетті. Иран керісінше, Израиль режимінің қылмыстары мен отаршылдығының төрт буынының құрбаны болған адамдардың азаттық қозғалыстарын қолдады. Біз бүкіл әлемде Израильдің зұлымдығына наразылық білдіріп, көшеге шыққан адамдарға қолдау білдіреміз. Біз Израильдің адамзатқа қарсы қылмыстарын айыптаймыз. Халықаралық қауымдастықтың зорлық-зомбылықты дереу тоқтатып, Газа секторында тұрақты атысты тоқтатуды қамтамасыз етуі және бүкіл аймақ пен әлемге тарамай тұрып Израильдің Ливандағы қатыгездік әрекетінің алдын алу өте маңызды.
Израиль Газа секторында жеңіліске ұшырады. Ешқандай айуандық зорлық-зомбылық оның жеңілмейтіндігі туралы аңызды қалпына келтіре алмайды. Алайда, соңғы тәуліктердегі Израильдің Ливандағы лаңкестік әрекеті, олардың мыңдаған адамды құрбан еткен жаппай агрессиясы жауапсыз қалмауы керек.
Барлық салдарлардың жауапкершілігі осы жантүршігерлік апатты тоқтатуға бағытталған, әлемдегі барлық күш-жігерге тосқауыл қойған және өздерін адам құқықтарын қорғаушылар деп атауға батылдық танытқандарға жүктеледі.
Батыс Азияда мен әлемдегі 70 жылға созылған қорқынышты қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы – барлық палестиналықтың тағдырларын анықтау құқығын қалпына келтіру.
Иран ешқашан соғыс ашпаған ел. Ол тек сыртқы агрессиядан ерлікпен қорғанып, басқыншыларды өз әрекеттеріне өкінуге мәжбүр етті. Иран ешқашан ешбір елдің аумағын басып алған емес. Ол кез-келген елдің ресурстарына ұмтылған жоқ. Ол көрші мемлекеттер мен халықаралық форумдарға берік бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға бағытталған түрлі ұсынысты бірнеше рет ұсынды.
Біз аймақтағы бірлік пен мықты аймақ құрудың маңыздылығын қуаттадық. Мықты аймақ бірнеше іргелі принципке негізделген. Біріншіден, біз көршілес ел екенімізді және осы байланыстың арқасында әрқашан бірге болатынымызды мойындауымыз керек. Біздің аймақта шетелдік державалардың болуы уақытша сипат және тұрақсыздыққа әкеледі. Екіншіден, аймақтағы жаңа тәртіп барлық көршіні тегіс қамти алатын және бәріне тиімді болуы керек. Үшіншіден, көршілес және бауырлас елдер өздерінің құнды ресурстарын сарқылу мен қарулану жарысына жұмсамауы керек. Мен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді, соғыстарды, басқыншылықтарды және санкцияларды бастан өткерген елдің президентімін. Өзгелер бізге көмекке келмеді, жарияланған бейтараптығымызды құрметтемеді. Жаһандық державалар тіпті, агрессорлардың жағына шықты. Біз өз халқымызға, өзіміздің ішкі мүмкіндіктерімізге ғана сене алатынымызды түсіндік. Иран Ислам Республикасы өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылып, басқалар үшін қауіп тудырмауға тырысады. Біз барлығы үшін бейбітшілікті қалаймыз және ешкіммен соғыс немесе жанжал іздемейміз.
Біз Украина мен Ресей халықтары үшін тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтыламыз. Иран Ислам Республикасы соғысқа қарсы болып, Украинадағы қақтығыстарды тез арада тоқтату қажеттігін қуаттады. Біз барлық бейбіт шешімдерді қолдаймыз және диалогты бұл дағдарысты шешудің жалғыз жолы санаймыз. Трамптың ядролық мәміледен біржақты шығуы саясаттағы қауіп-қатерге бағытталған тәсіл мен экономикалық саладағы мәжбүрлеуге негізделген стратегияны көрсетті. АҚШ-тың «максималды қысым» деп аталатын саясаты Иран халқына қарсы іс жүзінде Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы (JCPOA) бойынша барлық міндеттемелерін орындаған кезінде жүргізілді және оны АҚХА бірнеше рет растады. Біз JCPOA қатысушыларымен өзара әрекеттесуге дайынбыз. Егер JCPOA міндеттемелері толық және адал орындалса, басқа мәселелер бойынша диалог жалғасуы мүмкін. Бұл ретте мен Америка халқына үндеу айтқым келеді. Сіздің шекараларыңызда әскери базаларды құрған Иран емес. Сіздің еліңізге санкция салып, әлеммен сауда қарым-қатынастарыңызға кедергі келтірген Иран емес. Дәрі-дәрмектерді алуға кедергі келтіретін Иран емес. Сіздердің жаһандық банктік және қаржылық жүйеге кіруіңізді шектеген Иран емес. Әскери басшыларға шабуыл жасаған біз емес, керісінше, Бағдад әуежайында Иранның ең құрметті әскери қолбасшысын өлтірген АҚШ болды. Иранға қарсы тиімді стратегияны ұстанатын барлық мемлекеттерге жолдауым тарихтан сабақ алу болып табылады. Біздің бұл шектеулерді еңсеріп, жаңа дәуірге қадам басуға мүмкіндігіміз бар. Бұл дәуір Иранның қауіпсіздік мәселелерін мойындаудан мен ортақ сын-қатерлерге қатысты ынтымақтастықтан басталады. Негізгі дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктен айыру — санкциялардың ең ауыр зардаптарының бірі. Біздің еліміз көптеген жылдар бойы санкциялардан туындаған көптеген қиындыққа төтеп берді. Санкциялар бізді мызғымас жігер мен өзіне деген сенімділікке ие күшті ұлтқа айналдырды. Жақсы болашаққа ие әлем құру үшін Иран теңдік негізінде әлемдік державалармен және көршілес елдермен қауіпсіздік саласында маңызды экономикалық, әлеуметтік, саяси және серіктестік қатынасты дамытуға дайын. Иранның бұл жолдауына қосымша санкциялар енгізу тиісті жауап болып табылмайды.


















