Иран Президенті Масуд Пезешкиан 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде мәлімдеді.
Саид Хатибзаденің айтуынша, Пезешкиан сапар барысында екі ел арасында экономика, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық туралы 20-дан астам құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Хатибзаде бұл сапар Иран мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету тұрғысынан маңызды екенін атап айтты.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары: “Екі ел аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында жақсы қарым-қатынас орнатты. Қазақстан мен Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сияқты ұйымдарға мүше және Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында да тығыз әріптестік орнатқан”,- деді.
Саид Хатибзаденің айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 340 миллион доллардан асады.
Айта кетейік, Масуд Пезешкианның Қазақстанға сапары биылғы 13-24 маусым арасындағы Израильмен арадағы соғыстан кейінгі алғашқы сапар болмақ.


















