Иран билігі Тегеран қаласында өткен төртжақты кездесуден кейін Қатардың Иранды ізгі ниет танытуға шақырған мәлімдемесіне наразылық білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Махмуд Малеки Қатар Сыртқы істер министрлігі БАҚ және коммуникациялар департаментінің директоры Ибраһим Сұлтан әл-Хашимидің Тегеранға қатысты пікіріне жауап берді.
Малекидің айтуынша, екі күн бұрын Тегеранда Иран, Пәкістан, Түркия және Сауд Арабиясының жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуымен өткен төртжақты кездесу Иранның жауапты ұстанымын және аймақ елдерінің ортақ мүдделерін ескеретін ізгі ниетін көрсетті.
Ол Иран аймақтағы барлық мемлекеттерден, соның ішінде Қатардан да саясат пен іс-әрекетте ізгі ниет танытуды күтетінін атап айтты.
Малеки: «Иран аймақ елдерінен тату көршілік қағидаттарын сақтауды және өз аумағы мен ресурстарын Иранға әскери шабуыл жасайтын тараптардың пайдалануына беру сияқты әрекеттерді қайталамауды күтеді. Қатар делдалдық қызметке қойылатын талаптарды сақтауы тиіс», — деді.
Бұған дейін Қатар Сыртқы істер министрлігі БАҚ және коммуникациялар департаментінің директоры Ибраһим Сұлтан әл-Хашими Дохада өткен баспасөз мәслихатында Иранның аймақтық қауіпсіздік жүйесін құру жөнінде оң мәлімдемелер жасап отырғанын айтқан еді. Әл-Хашими Тегеран бұл мәселеде нақты ізгі ниетін көрсетуі қажеттігін айтып: «Аймақтық қауіпсіздік қағидаттарын ұстану және ізгі ниет таныту мәселесінде ендігі қадам Иран тарапынан жасалуы керек», — деді.
Ол сондай-ақ делдалдық күш-жігердің нәтижелі болуы үшін Иранның Парсы шығанағы елдеріне бағытталған қоқан-лоққыларын тоқтатудың маңыздылығын атап айтқан еді.

















