Иран Қытайдың «Earth Eye Co» компаниясына тиесілі барлау спутнигіне қол жеткізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл қадам Иранның әскери барлау саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай күшейтуі мүмкін.
Құны шамамен 37 млн долларды құрайтын келісім Ислам революциясы Сақшылар корпусы өкілдерінің қатысуымен жасалған.
Бұл жерде 2024 жылдың маусым айында Қытай аумағынан орбитаға ұшырылған, кейін ирандық тараптың басқаруына өткен TEE-01B спутнигі туралы сөз болып отыр. Спутникті басқару Бейжіңдегі жерүсті станциялары арқылы жүзеге асырылады.
Жүйенің техникалық басымдығы — 0,5 метрге дейінгі жоғары ажыратымдылықтағы фототүсірілім мүмкіндігі. Мұндай оптикалық дәлдік жекелеген авиациялық техниканы, автокөлік құралдарын, инженерлік инфрақұрылымды, тіпті жанармай құю жүйелерінің бөлшектерін ажыратуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, жан-жақты зерттеудің бұл деңгейі әскери нысандарды барлау және стратегиялық талдаудың сапасын жаңа сатыға көтереді.
14 наурызда Prince Sultan әуебазасына жасалған шабуылдан кейін спутник зақымдалған инфрақұрылымның, соның ішінде АҚШ Әскери-әуе күштерінің жанармай құюшы ұшақтарының кескіндерін жан-жақты түсірген.
Жүйенің технологиялық тұрақтылығына ерекше басымдық берілген. Спутникті басқару тетіктері Иран аумағында осал жерүсті инфрақұрылымын құруды талап етпейді. Бұл ерекшелік жүйенің сыртқы әсерлерге төзімділігін айтарлықтай арттырады. Нақты спутниктік деректерге қол жеткізу әскери операцияларды жоспарлау мен талдау тиімділігін түбегейлі жаңа деңгейге көтереді.
Атап айтқанда, стратегиялық маңызы бар нысандардың ішкі элементтерін, яғни жанармай коммуникацияларынан бастап, SCADA (диспетчерлік басқару және деректер жинау) жүйелерімен және авиациялық операцияларды қамтамасыз ету кешендерімен байланысты логистикалық тораптарға дейін дәл анықтау мүмкіндігі қарастырылуда.
Сарапшылар бұған дейін мұндай жүйелердің кибершабуылдардың нысаны болғанын, ал спутниктік барлау мен киберқұралдардың ұштасуы әскери нысандардың қауіпсіздігіне жаңа сын-қатер тудыруы мүмкін екенін ескертеді.
Ықтимал салдарлар ретінде авиацияның жұмыс істеуіне, соның ішінде Northrop B-2 Spirit стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын қолдануға және бункерге қарсы оқ-дәрілерді пайдалануға тигізетін әсері айтылады.
Сонымен қатар, Қытайдың әскери операцияларға ресми түрде қатыспайтыны, бірақ оның технологиялық шешімдері барлау және нысанаға алу жүйелерінде қолданылып жатқаны баса айтылуда.
Аталған келісімнің шарттары мен спутниктің техникалық сипаттамалары туралы мәліметт бейресми дереккөздеріне негізделген. Қазіргі уақытта бұл ақпарат қатысушы мемлекеттер тарапынан ресми расталмаған.












