Иран Сыртқы істер министрлігі Сана халықаралық әуежайына жасалған шабуылды халықаралық құқық пен Йеменнің егемендігін өрескел бұзу деп айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи Сауд Арабиясының Сана халықаралық әуежайына жасаған шабуылын айыптап, бұл әрекеттің халықаралық құқық нормалары мен Йеменнің ұлттық егемендігін бұзатынын мәлімдеді.
Исмаил Бақайи бұл шабуылды халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзу, сондай-ақ Йеменнің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу деп атады. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі шабуылдың бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату әрекеттеріне қайшы екенін баса айтып, 2022 жылғы бітімгершілік келісіміне және шиеленісті ушықтырмау жөніндегі кейінгі уағдаластықтарды бұзатынын мәлімдеді.
Бақайи: «Азаматтық әуежайға шабуыл жасау және жолаушылар ұшағының қауіпсіздігіне қатер төндіру сияқты арандатушылық әрі қауіпті әрекеттер халықаралық авиация құқығын өрескел бұзу болып табылады және бұған мүлдем жол берілмейді», — деді.
Сонымен қатар, Бақайи мұндай ойланбай жасалған қадамдардың Йемендегі саяси үдеріске және елдегі дағдарысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіретінін ескертіп, Тегеранның Йемендегі саяси процесті ілгерілетуге және елде берік бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға бағытталған «Жол картасын» жүзеге асыру үшін қажет кез келген көмекті көрсетуге дайын екенін тағы да растады.
Айта кетейік, Йемен Қорғаныс министрлігі 13 шілде күні ирандық ұшақтың қонуына жол бермеу үшін Сана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағына шабуылдар жасалғанын мәлімдеді.
















