Иран телерадио корпорациясы шетелдік хабар тарату департаментінің өкілі Хосейн Шейхиан Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің медиафорумында «ШЫҰ радио және теледидар одағын» құруды ұсынды.
Хосейн Шейхиан «Цифрлық платформалар жаңа медиа ретінде» атты панельдік сессияда шетелдік хабар тарату департаментінің 27 тілде қызмет көрсететін «Сахаб» цифрлық желісінің тәжірибесін мысалға келтірді.
Ол ұйымға мүше елдердің бұқаралық ақпарат құралдары контент алмасу, бірлескен өндіріс, өзара хабар тарату, кәсіби тағылымдамадан өткізу және ортақ медиабастамаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі әрі құрылымдық өзара іс-қимылды дамытуы керектігін баса айтты.
Шейхиан, сондай-ақ, VOD (сұраныс бойынша бейне) және AOD (сұраныс бойынша аудио) платформалары саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, деректі және мәдени бірлескен жобаларды өндіруді, сонымен қатар мүше мемлекеттер арасында ортақ медиа сөздік әзірлеуді ықпалдастықтың өзге де маңызды бағыттары ретінде атады.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саяси және экономикалық байланыспен қатар, медиа саласындағы серіктестікті нығайтудың, мәдени ықпалдастықтың және мүше елдердің тәуелсіз ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудың тиімді алаңына айнала алады.
















