Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Аһваздағы балалар онкологиялық ауруханасы маңына жасаған шабуылын әскери қылмыс деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи АҚШ-тың Аһваздағы «Шаһид Бақайи — 2» балалар онкологиялық ауруханасы маңына жасаған шабуылын айыптап, оны әскери қылмыс деп атады.
Исмаил Бақайи бұл туралы Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Иран Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Израильдің медициналық мекемелерді атқылау әдісін қайталаған бұл шабуыл ауруханада емделіп жатқан балаларға ауыр психологиялық соққы болған. Шабуыл салдарынан емдеу мекемесінің қызметкерлері химиятерапия курсынан өтіп жатқан 211 пациентті шұғыл эвакуациялауға мәжбүр болды.
Бақайи: «Адам құқықтарын үнемі алға тартып, бірақ ауруханалар мен медициналық орталықтарға жасалған шабуылдарға көз жұма қарайтындар бұл мәселені көтеруде моральдық құқығынан толықтай айырылды», -деді.
Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Вашингтонның бұл әрекетін өмір үшін күресіп жатқан қорғансыз жандарға, яғни қатерлі ісікке шалдыққан балаларға қарсы жасалған арам пиғылды қылмыс екенін баса айтты.
Айта кетейік, сәрсенбі күні кешке Вашингтонның әуе шабуылдарынан кейін Аһваздағы «Шаһид Бақайи-2» балалар онкологиялық орталығынан пациенттер шұғыл көшіріліп, басқа медициналық мекемелерге орналастырылған.



















