Иран Түркиямен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға айрықша басымдық береді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрі Аббас Салехи ирандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аббас Салехи Анадолу агенттігі тілшісінің Түркия мен Иранның 2025 жылды Мәдениет жылы деп жариялауы аясындағы мәдени іс-шаралар туралы қойған сұрағына: “Біз Түркиямен барлық салада жақсы байланыс орнаттық. Бұл байланыс ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Президентіміз Масуд Пезешкиан атап өткендей, көршілес елдермен біз жай ғана көрші емеспіз, біз бір отбасымыз. Шекаралар болса да, мәдени-тарихи байланыстың терең болғаны сонша, біз Түркияны отбасы ретінде қабылдаймыз”, — деп жауап берді.
Салехидің айтуынша, түрлі деңгейдегі тұрақты байланыс, соның ішінде президент Масуд Пезешкианның Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесулері Анкара мен Тегеранның жан-жақты жақын байланыс орнатуына ерекше рөл атқарып келеді.
Салехи: “Өкінішке орай, марқұм президентіміз Ибраһим Раиси мінген тікұшақтың апатқа ұшырап, бүкіл экипаж мүшесінің қайғылы қазасы, сондай-ақ Ирандағы оқиғалар 2025 жылға жоспарланған іс-шараларды толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Алайда, кейінге қалдырылған мәдени бағдарламалардың жүзеге асатынына үміт артамыз. Біздің Түркиямен үлкен жоспарымыз бар. Біз Мәдениет министрлігі деңгейіндегі ынтымақтастыққа қатысты БАҚ саласында тұрақты өзара іс-қимыл жасадық. Стипендия бағдарламасы аясында кітап жәрмеңкесінде де түрік достарымыздың елеулі көмегін көрдік. Біз кейінге шегерілген шараларды өткіземіз деп үміттенеміз”,- деді.



















