Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының бірінші күні конференцияның вице-төрағасы болып сайланды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасы Америка Құрама Штаттары бастаған батыс елдерінің Иранның сайлануына жол бермеу үшін әрекет жасағанынан қарамастан, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өткен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың орындалуын қарау жөніндегі конференция төрағасының орынбасарларының бірі болды.
Бұл шешім Вашингтонның әлемдік аренадағы оқшаулануының күшейіп жатқанын көрсетті. Иран 34 төраға орынбасарының бірі болып сайланғаннан кейін, Америка Құрама Штаттарының өкілі бұл шешімге қатысты дереу наразылық білдірді.
Иранның кандидатурасын ядролық шынайы қарусыздануды және бейбіт ядролық технологияларды пайдаланудың егеменді құқығын табанды түрде қолдайтын, құрамына 121 дамушы ел кіретін Қосылмау қозғалысы ұсынды.
Иранға қатысты сайлауды бұзу әрекетінен нәтиже шықпағанына наразы болған АҚШ елшісі Трамп әкімшілігі шартты құрметтемейді деп айыпталған елдің бұл қызметке сайлануына қатты таңғалатынын мәлімдеді.
Вашингтонның бірқатар одақтасы, соның ішінде Аустралия мен Біріккен Араб Әмірліктері бұл шағымды қолдаса, Ұлыбритания, Франция және Германия алаңдаушылық білдірді.
Алайда, Ресей Иранды айыптауға бағытталған кез келген әрекетті үзілді-кесілді теріске шығарды.
Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Иран Ислам Республикасының Тұрақты өкілі Реза Наджафи АҚШ-тың айыптауын негізсіз және саяси астары бар деп мәлімдеді.
Наджафи Вашингтонның екіжүзділігін сынға алып: «АҚШ — ядролық қаруды қолданған жалғыз мемлекет. Вашингтон Ядролық қаруды таратпау туралы шартты бұза отырып, ядролық арсеналын кеңейтуді жалғастыруда.
АҚШ сионистік режимнің жарияланбаған ядролық арсеналын бүркемелеу арқылы Батыс Азияда жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құруға белсенді түрде кедергі келтіріп отыр», — деді.
Наджафи, сондай-ақ, АҚШ пен Израильдің Иранның бейбіт ядролық нысандарына жасаған соңғы шабуылдарын айыптап, бұны халықаралық құқықты өрескел бұзу деп атады.
Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, америкалықтардың реакциясы Иранды Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жауапты қатысушысы санайтын халықаралық қауымдастықтың көпшілігімен есептеспеудің және менмендіктің кезекті көрінісі.
Иран көптен бері ядролық қарусыздануды және Батыс Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруды жақтап келеді. Бұл мақсатқа АҚШ пен оның одақтасы Израиль үнемі кедергі келтіріп отыр.
Үздіксіз қысымға қарамастан, Тегеран Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа адалдығын сақтап, бейбіт ядролық энергетикаға деген өзінің ажырамас құқығын табанды түрде қорғауды жалғастыруда. Иранның сайлауда халықаралық қолдауға ие болуы — көпжақты тәсілдің жеңісі мен АҚШ гегемониясына берілген кесімді жауап.
















