Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитеті Snapback механизміне жауап ретінде Ядролық қаруды таратпау шартынан шығу туралы қорытынды жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы Ибраһим Резайи Tasnim агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Ибраһим Резайи Мәжілістің көптеген мүшесі Ұлыбритания, Франция және Германияның заңсыз әрекеттеріне жауап ретінде Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуын ұсынғанын айтты.
Қазіргі таңда бұл бағытта шамамен 15 жоба ұсынылған.
Резайидың айтуынша, комиссия бұл жобалардың біріне қатысты жұмысын аяқтағанымен, ол әлі Мәжілістің күн тәртібіне енгізілмеген.
Резайи санкцияларды қайтару механизмі іске қосылғаннан кейін Иран Үкіметі Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттігінің Басқарушылар кеңесіне Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығатыны туралы ресми хабарлама жіберуі тиіс екенін айтты.
Баспасөз хатшысы қазіргі жағдайда Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы шарт құрамында қалуына еш негіз жоқ екенін баса айтып: “Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің жарғысы бойынша Агенттік бізге ядролық өнеркәсіп пен технологияны дамытуға көмектесуі тиіс еді. Алайда бұл міндеттемелер орындалмады. Иран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін дәлелдеу үшін ауқымды тексерулерге келісті. Бірақ, Агенттік өз міндеттерін орындамай, Иранға қарсы қысым көрсетуге сылтау болатын жағдай туғызды. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа мүше болудан және Агенттікпен ынтымақтасудан еш пайда көріп отырған жоқпыз. Сондықтан бұл ынтымақтастықты жалғастырудың қажеті жоқ”, – деді.
















