Археологтар Иранның Деһдашт қаласынан 7 мың жылдық тарихы бар ауылды тапты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы қазба жұмыстары тобының жетекшісі Забиһолла Масудиниан мәлімдеді.
Забиһолла Масудинианның айтуы бойынша, тарихи аймақтың дәл ортасынан біздің дәуірімізге дейінгі V–VI мыңжылдықтарға жататын ауылдың болғанын дәлелдейтін деректер анықталған.
Осы мәліметке сәйкес, бұған дейін бұл қалада археологиялық зерттеулер жүргізілмеген.
Археологтар зерттеу жұмыстары барысында керамика сынықтарын, мәдени жәдігерлерді, сондай-ақ қыздырылған тастардың бөліктерін тапқан.
Бұл сол дәуір адамдарының сүт немесе су сияқты сұйықтықтарды ысыту үшін қыздырылған тастарды ыдыстарға салу арқылы жылытуға арналған ерекше технологияны қолданғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, археологтар қаланың солтүстік бөлігінен су жеткізу құбырларының қалдықтарын да анықтаған.
Масудинианның айтуынша, бұл жаңалықтың маңызы зор. Бұл қаланың тарихи келбетін жаңа қырынан көрсетеді.
Археологтың айтуынша, 1956 жылы түсірілген аэрофотосуреттерде ежелгі Деһдашт керуен сарайының маңында бір төбе бейнеленген, алайда кейінгі урбанизация оның ландшафтын өзгерткен.
Айта кетейік, археологтар соңғы уақытта БРИКС елдерінде бірқатар маңызды жаңалық ашты. Мысалы, археологтар биыл күзде Қытайдағы Цзянсу провинциясының шығысындағы Янцзы өзенінің төменгі ағысынан шамамен 6 мың жылдық тарихы бар қаланы тапты.

















