Ирандық ғалым Хуман Савджи жетекшілік еткен зерттеу тобы зертханада адам жүрек тінінің үшөлшемді моделін жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, оның ерекшелігі шынайы ағзаның жұмысын қайталайтын, өздігінен жиырылу қабілетіне ие болуында.
Жаңа әзірлеменің басты артықшылығы – нақты уақыт режимінде механикалық деректерді үздіксіз әрі жоғары дәлдікпен жинау мүмкіндігі. Бұл оны қазіргі қолданыстағы көптеген әдістен ерекшелейді.
Аталған технология аурулардың шынайы үлгілерін жасауға және емдеу әдістерін клиникаға дейінгі сынақтан дәлірек әрі қауіпсіз өткізу үшін өте маңызды қадам болып табылады.
Қазіргі уақытта ғалымдар жүрек-қан тамырлары патологияларының арнайы модельдерін жасау бағытында белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарында дилатациялық кардиомиопатия, яғни жүрек қуыстарының ұлғаюы салдарынан оның қанды дұрыс айдай алмауы және аритмияның әр түрі бар.
Осы мақсатта зерттеушілер нақты диагноз қойылған науқастардан алынған жасушалық тіндердің күй-өзгерісін сау адамдардың үлгілерімен салыстыруда. Болашақта бұл платформа жүрек ауруларының кең ауқымын модельдеуге, сондай-ақ ықтимал емдеу әдістерін дәлірек таңдап, бағалауға мүмкіндік береді.
















