Ирандық сарапшы әрі «Кейһан» басылымының бас редакторы Хоссейн Шариатмадари халықаралық ұйымдар тарапынан Иранға қысым күшейгенін айтып, ел билігіне Ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келісімнен шығуды ұсынды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның жетекші саяси сарапшыларының бірі Хоссейн Шариатмадари мақаласында жазды. Сарапшы мақаласында ядролық нысандар төңірегіндегі жуырдағы оқиғаларға, соның ішінде кеше, 10 маусым күні Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі Басқарма кеңесінің Тегеранға қарсы қарар қабылдауына тоқталып, Иран билігіне Иранның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығатын уақыты жеткен жоқ па деген сауал қойды.
Шариатмадари АҚШ пен Еуропаның үш елі ұсынған және кеше Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі Басқарма кеңесінде 21 елдің қолдауымен, 3 қарсы, 10 қалыс дауыспен қабылданған Иранға қарсы қарарға тоқталды. Сарапшы бұл құжатта Тегераннан Агенттік инспекторларына ядролық нысандар мен уран қорлары туралы ақпаратқа толық қолжетімділік беру талап етіліп отырғанын айтып, АҚШ пен сионистік режимнің 12 күндік соғыс пен «Рамазан соғысы» барысында Иранның ядролық бірқатар нысанын бомбалап, ядролық физик-ғалымдарын өлтіргенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл нысандар мен ғалымдар туралы ақпарат тек Агенттіктің иелігінде болып, «аса құпия» белгісімен сақталуы тиіс еді. Алайда Агенттік аса құпия ақпаратты АҚШ пен сионистік режимге берген.
Сарапшы қазіргі уақытта Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің Бас директоры Рафаэль Гроссидің Моссадқа тікелей тәуелділігін, оның құпия ақпаратты сионистік режимге жеке өзі табыстағанын дәлелдейтін ондаған құжат жарияланғанын, тіпті Ханзала тобының Моссад деректеріне қол жеткізгеннен кейін Гроссидің бұл әрекетін жанама түрде мойындағанын атап айтты. Сонымен қатар ол Трамптың Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасау ниетін талай рет мәлімдегеніне және сионистік режимнің де ирандық ғалымдардың көзін жоюды күн тәртібінен түсірмей отырғанына назар аударды.
Сарапшы сонымен қатар, кеше қабылданған Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі Басқарма кеңесінің қарарында Ираннан ядролық нысандар мен уран қорлары туралы ақпарат талап етуін сынға алды. Оның пікірінше, бұл мәліметтер АҚШ пен сионистік режимнің әскери шабуыл жасап, аталған нысандардың көзін жою үшін ресми әрі ашық түрде қол жеткізгісі келіп отырған ақпарат болып табылады. Осыған байланысты ол Агенттіктің бұл қарарын АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жасаған шабуылымен ынтымақтастық таныту санап, қарарды қолдап дауыс берген елдерді Иранмен жау елдердің тізіміне енгізуді, олардың мұнай мен тауар тасымалдайтын кемелерінің Ормұз бұғазы арқылы өтуін бұғаттауды елдің заңды құқығы ретінде қарастыру керек екенін баса айтты.
Автор Ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келісімнің 10-бабына сүйеніп, кез келген елдің бұл шарттан өз еркімен шығуға толық құқығы бар екенін мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, егер қандай да бір төтенше жағдай мемлекеттің қауіпсіздігі мен жоғары мүддесіне қатер төндірсе, ел келісімнен бас тарта алады. Ол үшін тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен келісімге мүше басқа мемлекеттерге үш ай бұрын ресми ескерту жасап, себептерді ашық көрсету қажет. Сарапшы АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылдары мен ғалымдарын өлтіруін елдің жоғары мүддесіне тікелей қауіп төндіру деп есептейді.
Оның пайымы бойынша, келісімнің талаптарына сәйкес, бұл жағдай Иранға Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығуға толық құқық береді. Ел билігін келісімнен шығатынын батыл жариялауға шақырған Хоссейн Шариатмадари Иранның жиырма жылдан астам уақыт бойы келісімнің міндеттемелерімен шектеп келгенін айтып, егер қазір шықпаса, жақын арада тым кеш болатынын ескертті.
Айта кетейік, Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің Басқарма кеңесі кеше, сәрсенбі, 10 маусым күні Иранды Агенттікпен толық көлемде ынтымақтасуға, соның ішінде жоғары байытылған уран қоры мәселесі бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақыратын қарарды мақұлдады. Қарарда Ираннан шабуылға ұшыраған ядролық нысандардың қазіргі жағдайы мен онда сақталған байытылған уран қоры туралы Атом Қуаты Халықаралық агенттігіне есеп беруі талап етілді.
















