Иранмен қақтығыстың созылуы АҚШ президенті Дональд Трамптың саяси ұстанымын әлсіретіп, алдағы Конгресс сайлауынан кейін оған импичмент жариялануына түрткі болуы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай пікірді Иран зерттеу орталығының Бас директоры Раджаб Сафаров NSN агенттігіне берген сұхбатында білдірді.
Сарапшының айтуы бойынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың саяси амбициялары салдарынан Вашингтон Иранмен арадағы қақтығыстан оңай шыға алмай отыр. Сафаровтың пікірінше, Вашингтон үшін Таяу Шығыстағы шиеленісті әрі қарай ушықтыру барған сайын қиындап барады.
Раджаб Сафаров: «Трамп бұл қақтығыстан шыға алмай отыр. Өңірдегі жағдайдың шектен тыс ушығуына байланысты оны созбалаңға салу да күн сайын күрделеніп барады. Америкалықтар Таяу Шығыстан жай ғана кете алмайды, ал әскери әрекеттерді жалғастыру да оңай емес. Оның үстіне қарашада Конгресс пен Сенатта аралық сайлау өтеді. Қазіргі жағдайда бұл сайлау Трамп үшін қолайлы нәтиже әкелуі екіталай. Егер демократтар екі Палатада да басымдыққа ие болса, бірден Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесін көтереді. Трамп мұны жақсы түсініп отыр, сондықтан оған қалайда жеңіс керек. Бірақ Иран оңайлықпен беріле салатын қарсылас емес», – деді.
Бұған дейін Axios басылымы Қатар, Мысыр және Пәкістан бастаған араағайын елдер Америка Құрама Штаттары мен Иранға әскери іс-қимылдарды он күнге тоқтату туралы бастама ұсынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта Вашингтон бұл ұсынысты қарастырып жатыр.
Сонымен қатар, Дональд Трамп әкімшілігі Израильді дипломатиялық бастамаларға кедергі келтіруі мүмкін кез келген әрекеттен бас тартуға шақырып отыр. Алайда Америка Құрама Штаттары келіссөздердің сәтсіз аяқталу ықтималдығын да жоққа шығармайды. Осыған байланысты Вашингтон аймақтағы әскери қатысуын күшейтіп, өңірге ондаған жойғыш және әуеде жанармай құюға арналған әскери ұшақтарын жіберуде.

















