Иранның мотор майлары мен майлау материалдарын өндіруші «Беһран Ойл» компаниясы Алматыда өткен Auto Expo 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, өз өнімдерін таныстырды.
Еуразия Тудей тілшісінің хабарлауы бойынша 2026 жылғы 13–15 қазан аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» көрме орталығында жеңіл және жүк автомобильдеріне, сондай-ақ арнайы техникаға арналған қосалқы бөлшектер, жинақтауыштар, аксессуарлар мен жабдықтар және мотор майларының XXVI халықаралық “Auto Expo 2026” көрмесі өтті.
Үш күнге созылған көрмеге ТМД елдері мен Орталық Азия, Азияның батысындағы елдерден 5 000-нан астам маман және автокөлік қосалқы бөлшектерін өндіретін 200-ден астам компания қатысты.
Іс-шара сала өкілдеріне өнімдерін таныстыруға, әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға және тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік берді.
Көрмеге Иранның мотор майлары мен майлау материалдарын өндіруші «Беһран Ойл» (Behran Oil Company) компаниясы да қатысты.
«Беһран Ойл» компаниясының өнімдерін бас директоры Али Каземи, экспорт жөніндегі директоры Моһаммад Хасан Ғетмир, Моһаммад Али Давуд Фард, Амин Али Асқар Нури, Моһаммад Маһди Фатхи, Саид Парвиз Шишегардан құралған ирандық делегация көрменің 8-павильонындағы B102 стендінде ұсынды.
«Беһран Ойл» компаниясының басшылары мен мамандары көрме аясында Қазақстан нарығында өнімдерін ілгерілету және жергілікті дистрибьюторлар табу мақсатында екіжақты бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер барысында компания өнімдерін Қазақстанға жеткізу, дистрибьюторлық желі қалыптастыру және ұзақ мерзімді серіктестік орнату мәселелері талқыланды. Ирандық компанияның өнімдеріне қазақстандық тарап өкілдері жоғары қызығушылық танытып, өзара тиімді ынтымақтастық орнату мен отандық нарықта өнімдерді өткізу мүмкіндіктеріне назар аударды.
Көрме тараптар арасындағы іскерлік байланыс қалыптастырып, болашақтағы серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, «Беһран Ойл» — Ирандағы майлау материалдары, мотор майлары және өнеркәсіптік өнімдер өндіретін ірі әрі беделді компаниялардың бірі. Компанияның бұл саладағы тәжірибесі 65 жылға жуық.
Иранның мотор майлары нарығының шамамен 43%-ын иеленетін «Беһран Ойл» компаниясы бензинді және дизельді қозғалтқыштарға арналған мотор майларын, гидравликалық және өнеркәсіптік майлау материалдарын, турбиналық және компрессорлық майларды, сондай-ақ парафин мен антифриз өндіреді. Компанияның мотор және өнеркәсіптік майлар өндіру қуаты жылына 330 мың тоннаға, парафин өндіру қуаты 25 мың тоннаға, ал антифриз өндіру қуаты 27 мың тоннаға жетеді.
Компания өнімдерінің негізгі түрлеріне бензинді қозғалтқыштарға арналған Behran Ultra Rana, Behran Super Rana, Behran Rana, Behran Super Pishtaz, Behran Pishtaz және Behran Taktaz мотор майлары жатады.
Дизельді қозғалтқыштарға арналған өнімдер қатарында Behran Turbo Line, Behran Extra Turbo Diesel, Behran Turbo E5 және Behran Bandar майлары бар.
Сонымен қатар компания гидравликалық майлар (H сериясы), өнеркәсіптік тісті беріліс майлары, термиялық майлар, турбиналық және компрессорлық майлар өндіреді.
Компания өнімдерін әлемнің 42 еліне экспорттап, халықаралық нарықтағы жұмысын кеңейтіп келеді.
«Беһран Ойл» компаниясы Auto Expo 2026 көрмесіне қатысуы арқылы өнімдерін Қазақстан нарығында таныстыруға, жергілікті дистрибьюторлармен және әлеуетті іскер серіктестермен байланыс орнату үшін жақсы негіз қалыптастырды.












