Иранның қауіпсіздік органдары Starlink-ті «цифрлық тұзақ» ретінде пайдаланды
Иранның қауіпсіздік органдары Starlink-ті «цифрлық тұзақ» ретінде қызмет етуі үшін әдейі бұғаттамаған.
Еуразия Тудейдің хабарлуы бойынша Иранның қауіпсіздік органдары Starlink желісін елдегі наразылық акцияларының алғашқы кезеңдерінде «цифрлық тұзақ» ретінде қызмет етуі үшін әдейі бұғаттамаған.
Ирандағы соңғы толқулар кезінде Илон Маскқа тиесілі Starlink спутниктік интернет желісін көптеген наразылық білдірушілер технологиялық құтқарушы — интернет шектеулерін айналып өту және шетелге ақпарат пен суреттер жіберу құралы ретінде қабылдады. Бұл желі алғашқы қарағанда мемлекеттік бақылауға қарсы батыс технологиясының артықшылығының символы болып көрінгенімен жаңа деректер мүлдем басқа жағдайды көрсетті.
Аймақтық БАҚ пен қауіпсіздік құрылымдарына жақын дереккөздерінің хабарлауынша, Иранның қауіпсіздік органдары Starlink-тің бар екенінен және жұмыс істеу принципінен хабардар болып қана қоймай, оның қолданылуына әдейі жол берген. Осы дереккөздердің айтуынша, желі алғашқы кезеңдерде «цифрлық тұзақ» ретінде қызмет етуі үшін әдейі бұғатталмаған.
Осы нұсқа бойынша, соның ішінде «Әл-Маядин» телеарнасының кейбір есептеріне сәйкес, билік тарапынан «бүлдіруші» деп танылған белсенділер мен жеке тұлғалар Starlink арқылы оқиғаларды шетелдік аудиторияға таратқан. Мәлімдемелерге сүйенсек, осы ақпарат тарату процесі Ислам революциясының Сақшылар корпусына пайдаланушылардың нақты геолокациясын анықтауға мүмкіндік берген. Бақылаудың нәтижесінде нысаналы тұтқындаулар жүргізіліп, операциялар аяқталғаннан кейін желіге қолжетімділік толығымен бұғатталған.
Егер бұл ақпарат расталса, оның салдары бірнеше адамды тұтқындаудан әлдеқайда терең болмақ. Мұндай қадам «батыстың жеңілмейтін технологиясы» деген имиджге үлкен соққы береді. Иран билігінің астарлы хабарламасы анық: “тіпті жер орбитасында да жасырынатын жер жоқ». Осы тұрғыда тіпті америкалық спутниктердің өзі жүйенің мүддесі үшін жұмыс істей алатыны меңзеледі.
Израильдік БАҚ бұл жағдайды Иранның киберсоғыс және электронды соғыс саласындағы озық мүмкіндіктерінің белгісі деп бағалауда. Әсіресе, спутниктік байланыстың Uplink сигналдарын анықтау қабілеті, сарапшылардың пікірінше, Ресей немесе Қытайдың техникалық қолдауымен күшейтілген болуы мүмкін.
Алайда, бұл тәсілдің ең терең әсері тұтқындауларда емес, оның психологиялық салдарында жатыр. Мәліметтер қоғамда абсолютті сенімсіздік кеңістігі қалыптасқанын көрсетеді. Мұндай ортада интернет шектеулерін айналып өтуге арналған кез келген құрал үкіметтің кезекті алдауы ретінде қабылданады. Бір кездері үміт сыйлаған технологиялар енді қорқыныш көзіне айналды.












