The Wall Street Journal басылымы Иранның бұзылған инфрақұрылымдарын қалпына келтіру жылдамдығы Исраилдің кейбір басшыларының алаңдаушылығын тудырғанын жазды.
Басылымның хабарлауынша, жауапты тұлғалардың мәлімдемелері мен ғарыштан түсірілген бейнелер мен суреттерді талдау Иранның соңғы айларда АҚШ пен Исраил бомбалауынан зақымдалған инфрақұрылымды өте жоғары қарқынмен қалпына келтіргенін көрсетеді.
Бұл инфрақұрылымдардың қатарына тау ішінде жасырылған зымыран базалары, көпірлер, порттар мен өндіріс орталықтары кіреді.
Иранның батысындағы Кангавар маңында Plant Labs компаниясының наурыз айындағы ғарыштан түсірген суреттері Иранның зымыран базасына өтетін жолды бұғаттау мақсатында жасалған әуе соққыларынан кейін екі туннельдің кіреберісі мен кірме жолға нұқсан келгенін көрсеткен еді.
Алайда, бірнеше апта ішінде Airbus компаниясының түсірілімдері жаңадан қазылған кіреберістерге апаратын тазаланған әрі асфальтталған жолды көрсетті.
Исраилдің әскери бір басшысының айтуы бойынша Исраил үш бомбамен соққы жасаған көпірді Иран санаулы күн ішінде жөндеп шыққан. Бұл жағдай Исраил басшыларын таңғалдырып, оларды таңдаған нысандардың тиімділігіне күмән келтіруге мәжбүр етті.
The Wall Street Journal басылымы АҚШ пен Исраил соққылары салдарынан пайда болған қиындықтарды жою мен шығындардың орнын толтыру орасан зор, қымбат әрі ұзақ уақытты талап ететін еңбекті қажет ететінін жазады. Дегенмен, Иранның бүкіл ел аумағындағы жылдам әрекеттері Дональд Трамп пен Беньямин Нетаньяхудың Иранға «жойқын соққы берілді» деген мәлімдемелеріне күмән тудырды.












