Иврит тіліндегі басылым теңіз айдыны бұдан былай Израиль үшін қауіпсіз емес екенін хабарлады.
Ma’ariv газеті келесі соғыста Израильдің газ платформаларынан бастап, байланыс кабельдеріне дейінгі барлық нысан шабуыл қаупінде тұрғанын жазды.
Осы газеттің әскери мәселелер жөніндегі репортері Ави Ашкенази Хайфа университеті теңіз инфрақұрылымына келетін зиян туралы ескерту жасап, стратегиялық құжат жариялағанын хабарлап: “Онда кез келген инфрақұрылым нысанына нұқсан келуі энергетика саласына ауыр салдар тудырып, саудадағы тұрақсыздық пен экономикалық қысымға соқтыратыны баса айтылған” деді.
Стратегиялық осы құжатқа сәйкес: «Теңіз айдыны бір ғана оқшауланған майдан емес, оны бір-бірімен тығыз байланысқан шептердің кең желісі ретінде қарастыру керек. Жерорта теңізі, Қызыл теңіз, Эйлат шығанағы және Израиль толығымен дерлік тәуелді болып отырған халықаралық көлік дәліздері – осының бәрі біртұтас жүйе. Осы нысандардың кез келгеніне тиетін зиян Израиль үшін тез арада және тікелей дағдарыстық салдарға соқтырады».
Сарапшылардың пікірінше, бұл саладағы Израильдің ең маңызды теңіз инфрақұрылымдарының бірі – газ платформалары мен энергетикалық нысандар. Бұған қоса, айлақтарды, теңіз өткелдерін және теңіз түбіндегі байланыс кабельдерін де ерекше атау керек.












