Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі елді мекендерді қиратып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың мүліктерін жаппай тонап, үйлерін өртеумен айналысуда.
Еуразия Тудейдің Ливанның «Әл-Нашра» ақпарат агенттігі мен Израильдің «Хаарец» басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ливанның оңтүстігіндегі Әл-Хиям ауданында Израиль әскерилерінің шабуылы салдарынан жойқын жарылыстар болған.
Сондай-ақ Набатия провинциясындағы Мейфадун кенті маңында да Израиль армиясының белсенді әскери қозғалысы байқалуда.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен фотосуреттер Израиль сарбаздарының Ливан аумағындағы заңсыз әрекеттерін әшкерелеп отыр. Атап айтқанда, Дейр-Сириан ауылындағы тұрғын үйлерді тонап, соңынан өртеп немесе жарып жіберген сәттері деректелген.
Бұған дейін де оңтүстік Ливаннан ұрланған үй жиһаздары мен тұрмыстық техниканы Израильге тасымалдап жатқан жүк көліктерінің видеолары жарияланып, қоғамда үлкен дау тудырған болатын.
Израильдің Haaretz газеті де әскерилері мен дала командирлерінің сөздеріне сүйеніп, бұл ақпаратты растады.
Басылымның жазуынша, оңтүстік Ливандағы үйлер мен дүкендерден мотоцикл, теледидар, картиналар, жиһаз бен кілемдерді ұрлау жаппай сипат алған.
Жоғары лауазымды қолбасшылар бұл жағдайдан толық хабардар болғанымен, тонау фактілерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбай отыр.
Еске сала кетейік, Израиль биылғы жылдың 2 наурызынан бастап Ливанға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Соныңісалдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жараланды, ал 1 миллионнан астам адам өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды.
Қазіргі уақытта Ливанның оңтүстігіндегі бірқатар аймақ әлі де басқыншылардың қарамағында қалып отыр.
















