Израиль билігі Иордан өзенінің Батыс жағалауында заңсыз 19 жаңа қоныс салуды мақұлдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай шешім кеше, жексенбі күні Израильдің Қауіпсіздік кабинеті отырысында қабылданды.
Аталмыш жоба осы елдің Қаржы министрі Бецалель Смотрич пен Қорғаныс министрі Исраэль Кац тарапынан ұсынылған.
2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторында және Батыс жағалауда заңсыз қоныстар салу қарқыны күшейіп, аумақтағы сионистік қатысуды кеңейту жөніндегі мәлімдемелер жиіледі.
Қазіргі таңда Батыс жағалаудағы басып алынған жерлерде 365 заңсыз қоныс бар.
Сионистік режимнің Батыс жағалаудағы алғашқы қонысы аймақтың оңтүстігінде орналасқан “Кфар Эцион” 1967 жылы Израиль Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді басып алғаннан кейін бірден құрылды. Кейін бұл аймақта жүздеген заңсыз қоныс салынды.
Үкімет 11 желтоқсанда мақұлдаған 19 қоныстан бөлек, палестиналық жерлерде 141 заңсыз қоныс және 224 рұқсатсыз қоныс бар. Осылайша, Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы заңсыз қоныстардың жалпы саны 365-ке жетеді.
Израиль үкіметінің мұндай қоныстарды заңдастыру жөнінде жиі біржақты шешім қабылдайтыны белгілі. Басып алынған аумақтарда қоныстар салу және ол жерлерге израильдік тұрғындарды көшіру халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз саналады.
Израильдегі үкіметтік емес Peace Now ұйымының мәліметінше, Батыс жағалауда шамамен 3 млн палестиналық тұрады. Ал израильдік қоныстанушылар саны 500 мың адамнан асып кеткен.



















