Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) ХАМАС ұйымы пайдалануы мүмкін деген Газа секторындағы жерасты туннель кешеніне теңіз суын жібере бастады.
Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Израиль Газа секторындағы бұл туннельдерді палестиналық Хамас қозғалысының содырлары пайдаланады деп есептейді.
Желтоқсан айының басында газет Израиль қорғаныс күштері қарашаның ортасында Әл-Шати босқындар лагері маңында бес сорғы станциясын орнатуды аяқтағанын жазды. Сол кезде Израиль туннельдерді суға толтыру жұмыстарын бастады. Қондырғылар Жерорта теңізінен суды айдап, туннельдерді бірнеше апта ішінде толтыруға қабілетті.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, израильдік әскерилер Хамастың инфрақұрылымын жойғысы келеді. Бұған дейін Израиль 5 сорғыштың көмегімен сынақ ретінде су жіберіп көрген.
Израиль Газа секторындағы жерасты туннель кешеніне теңіз суын жібере бастағанда БҰҰ соғысты дереу тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады.
Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан Бас ассамблея қарарында Хамас тобы туралы айтылмағанына наразы болып, оны «екіжүзді» деп атады.
Резолюцияны 153 мемлекет қолдады. 10 мемлекет қарсы дауыс берсе, 23 ел қалыс қалды. Қарсы дауыс бергендер арасында АҚШ, Парагвай, Австрия және Израиль бар.



















