Бүгін маусымның 19, бейсенбі күні таңғы сағат алтылар шамасында Израильдің зымырандары Иранның Хандаб ядролық нысанын атқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бүгін маусымның 19, бейсенбі күні таңғы сағат алтылар шамасында Израильдің соғыс зымырандары Арактағы «Шоһадайе Хандаб» ядролық нысанын атқылаған кезде Иранның қорғаныс жүйесі бірден іске қосылды. Осы мәлімет бойынша екі зымыраннан өзгесін Иранның қорғаныс жүйелері қағып түсірді.
Алдын ала болжамдарға сәйкес, ешқандай радиация таралмаған. Кешенге зиян келмеген.
Арак орталық провинциясының қауіпсіздік және саясат жөніндегі басшысының орынбасары Хасан Қамари Хандаб ауыр су аумағында болған жарылыс дауысына байланысты сөзінде бұл салада тиісті дайындық жасалғанын, қала тұрғындары үшін алаңдауға себеп жоқ екенін айтты.
Провинцияның дағдарысты басқару бойынша Бас директоры Мортеза Мири де сионистік режимнің осы провинциядағы Хандаб ауыр су кешеніне жасаған қылмыстық шабуылы туралы сөзінде: «Кешенді эвакуациялау және алдын ала ойластырылған шаралардың нәтижесінде сионистік режимнің Хандаб кешеніне жасаған шабуылы тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмеді. Сионистік дұшпанның шабуылында адам шығыны болған жоқ. Жарақат алған адам да жоқ», — деді.
Айта кетейік, Хандаб ауыр су кешені Арактан солтүстік-батысқа қарай 55 км, Хандаб қаласынан 5 ақырым қашықтықта орналасқан Ирандағы ең ірі ядролық нысандардың бірі. Бұл кешен IR-40 деген атпен танымал.
Иранда ауыр су шығарудың алғашқы әрекеті 1984 жылы жасалып, нысанның құрылысы 1998 жылы Арак қаласында басталып, 2006 жылы пайдалануға берілді.
Нысан 2013 жылы «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына байланысты біраз уақытқа жабылды. Бірақ аталған бағдарламада Иранның міндеттемелері қысқарғандықтан, жұмысын қайта бастады. Бұл реакторды қайта жобалау 2019 жылы басталды. Иран осы нысанда жылына 20 тонна ауыр су өндіріп, оның бір бөлігін экспорттайды.












