Израиль Рафах өткелінде Американың қауіпсіздік саласындағы компанияларын орналастыруды көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша еврейлердің «Haaretz» газеті Тель-Авивтің Рафах шекара бекетін пайдаланудың жаңа ережелерін әзірлеу аясында АҚШ-қа ресми түрде өтініш білдіргенін жариялады. Израиль аталған өткелді басқару үшін жекеменшік америкалық қауіпсіздік компанияларын жұмылдыруды және Палестина автономиясының күштеріне тәуелділікті тоқтатуды сұрап отыр.
«Haaretz» басылымы келіссөздерде қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі ретінде «UG Solutions» компаниясының атын атады. Бұл компания бұған дейін БҰҰ арналарынан тыс көмек жеткізуге арналған Израиль-Америка бастамасы саналатын «Газа гуманитарлық қорының» бөліп-тарату орталықтарының қауіпсіздігіне жауапты болған.
Айта кететін жайт, бұл құрылым бұған дейін Газадағы азық-түлік іздеген аш халықтың қырылуына себепкер болған оқиғаларда үлкен рөл атқарған болатын.
Рафах — Мысыр мен Палестина автономиясындағы Газа секторы шекарасындағы аттас қалада орналасқан, Мысырдың бақылауындағы шекаралық бақылау-өткізу пункті. 2005 жылға дейін ол Израильдің бақылауында болды. 2024 жылдың мамыр айында, Газадағы соғыс кезінде Израиль армиясы БӨП-ті бақылауға алып, оны 2025 жылдың қаңтар айының басына дейін ұстап тұрды.
Рафах бақылау-өткізу пункті 1967 жылы Израиль мен Газа арасындағы өткел ретінде салынған.












