Израиль Сыртқы істер министрлігі Иордания мен Мысырда бірнеше израильдіктің өліміне соқтырған оқиғалардан кейін дүние жүзіндегі барлық елшіліктерінен дайын болуды сұрады.
Еуразия Тудейдің Иранның жергілікті БАҚ мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлауы бойынша өткен түні Израиль Сыртқы істер министрлігінің өтініші бойынша Израильдің Иорданиядағы елшілігінің қызметкерлері елшілікті эвакуациялап, Тель-Авивке оралды.
Сонымен қатар кеше Швеция полициясы да Стокгольмдегі сионистік режим елшілігіне жақын маңда атыс болғанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің Франс 24 агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Швеция полициясының мәліметіне сәйкес, Стокгольмдегі сионистік режим елшілігіне жақын жерде болған атыста бір адам жараланған.
Стокгольм полициясының баспасөз хатшысы Ребека Ландберг бұл оқиға туралы айтқанда: «Израиль елшігіне таяу маңда атыс болғаны туралы мәлімет келіп түсті. Бірақ қолдағы нақты мәліметтерді жария ете алмаймыз. Себебі тергеу жұмыстары жүріп жатыр» деді.
Стокгольм полициясының мәлімдемесі Швецияның көршісі Дания бүгін осы елдегі Израиль елшілігінің маңында екі жарылыс оқиғасына қатысты тергеуді бастағанын хабарлағаннан кейін жарияланды. Копенгаген бұл жарылыстардан ешкім зардап шекпегенін айтты.
Сондай-ақ, швед полициясы Израиль елшілігінің ғимаратына оқ тигенін, осыған байланысты әлі ешкім ұсталмағанын, бірақ аймақтың бейне камераларының бақылауында екенін, полиция ақпарат жинап жатқанын мәлімдеді.
Израильдің Газа секторында жасап жатқан қырғыны мен Ливан астанасы Бейрутке жасаған жуырдағы шабуылдарынан кейін әлем халқының осы режимге деген жеккөрініш сезімі артты.













