Иранның зымыранмен жасаған шабуылынан кейін Израильдегі Беэр-Шева қаласына жақын орналасқан Неот-Ховав өнеркәсіп аймағында ірі өрт тұтанды. Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, шабуыл салдарынан қаза тапқандар немесе зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген кадрлар жариялануда. Кадрлардан кешен аумағынан көкке көтерілген қою қара түтін айқын көрінеді.
Болған оқиғаға байланысты ресми органдар тарапынан ешқандай түсініктеме берілген жоқ.
Неот-Ховав өнеркәсіптік кеңесі Израиль полициясы, өрт сөндіру және құтқару қызметтері, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және зардап шеккен кәсіпорын басшылығымен үйлесімді түрде әрекет етіп жатқанын мәлімдеп: «Қауіпсіздік мақсатында қауіпті химиялық жағдай жарияланды. Зауыттардың барлық қызметкеріне қорғалған орындарда қалу туралы нұсқау берілді», -деді.
Сонымен қатар, жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына оқиға орнына жақындамау және ғимарат ішінде қалу ұсынылып, сол аймақта жүрген жүргізушілерге көлік терезелерін жауып, кондиционерлерді сөндіру, сондай-ақ мүмкіндігінше өнеркәсіп аймағы арқылы өтпеуге кеңес берілді.



















