Катардың бұрынғы әмірі, ұлт тарихында ерекше орны бар тұлға Хамад бен Халифа Әл Тани кеше, 2026 жылдың 12 шілдесінде 74 жасқа қараған шағында Доха қаласында мәңгілік сапарына аттанды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Катардың жетінші әмірі Хамад бен Халифа Әл Танидің 1995 жылы әкесі Халифа ибн Хамадты биліктен шеттетіп, таққа отыруы мемлекет тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Ол Катарды ықпал етудің қос заманауи құралымен — қуатты медиа ресурстармен және серпінді экономикамен қаруландырды. Осы қадам арқылы шағын елді ауқымды әрі стратегиялық өрлеу жолына түсіріп, оның жаһандық аренадағы белді ойыншы ретінде қалыптасуына даңғыл жол салды.
Уақыт өте келе Доханың араағайындық дипломатиясы елдің халықаралық деңгейдегі ең күрделі түйткілдерді шешуге белсене араласуына мүмкіндік берді. Бұл саяси ұстаным жетекші державалардың, әсіресе АҚШ-тың көңілінен шығып, бүгінге дейін өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Алайда Катардың геосаяси сахнада мұндай биікке көтерілуі көршілес мемлекеттердің жас ханзадаларының қызғанышын тудырды. Осы текетірестің салдарынан бұл шағын әмірлік 2017 жылы жан-жақты экономикалық әрі саяси блокадаға алынды. Төрт жылға созылған бұл дағдарыс Катардың өзіне қысым көрсеткен төрт ел: Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр және Бахрейн қойған қатаң талаптарына бас иместен, өз егемендігін сақтап қалуымен аяқталды.
2011 жылы «Араб көктемі» толқыны басталып, өңірде «Мұсылман бауырлар» қозғалысы белсенділік танытқанда, Катар Түркиямен тізе қоса отырып, осы саяси өзгерістер мен жаңа үкіметтердің басты демеушісіне айналды. Мұндай батыл қадам Доханың аймақтағы салмағы мен беделін айтарлықтай өсірді.
Дегенмен, бұл саяси толқын басылып, «Мұсылман бауырлар» биліктен ығыстырыла бастағанда негізгі бәсекелестер — Эр-Рияд пен Абу-Дабидің позициясын күшейткен «кері революциялар» белең алғанда, Катардың сыртқы саясаты елеулі соққыға тап болды. Туындаған жағдай әмірлікті жаңа геосаяси шындықтарға бейімделуге, сыртқы бағытын шұғыл қайта қарауға және ықтимал зардаптарды барынша азайтуға мәжбүр етті.
Бір кездері қаржы жағдайы төмен болған катарлықтар бүгінде өз елінде көзі тірісінде «Дәффан әл-Факр»-«Кедейлікті жерлеуші» деген құрметті лақап атқа ие болған реформаторды соңғы сапарға шығарып жатыр. Ол мемлекеттің экономикалық негізін түбегейлі өзгертіп, оны әлемдегі ең дәулетті елдердің қатарына қосып кетті.
Айта кетейік, Хамад ибн Халифа Әл-Тани (1952–2026 ж.ж.)— 1995 жылғы 27 маусымда Швейцарияда демалыста жүрген әкесі Халифа ибн Хамадты биліктен шеттетіп, 2013 жылдың 25 маусымына дейін Катар мемлекетін басқарған жетінші әмір.
Оның билік құрған жылдары Катар тарихында түбегейлі өзгерістер мен модернизация дәуірі ретінде қалды. Ең алдымен, ExxonMobil, Shell, Total секілді әлемдік алпауыт корпорациялардың шетелдік инвестицияларын сәтті тартудың нәтижесінде елдің мұнай-газ секторы қарқынды даму жолына түсті. Соның арқасында Катар сұйытылған табиғи газ өндіру және оны әлемдік нарыққа экспорттау бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды.
Катар басшысы өз пәрменімен халықаралық деңгейде танымал «Әл-Жазира» ақпарат телеарнасының негізін қалады.
Мемлекетте абсолютті монархия жүйесі сақталғанына қарамастан, ол Таяу Шығыс билеушілерінің арасында жаңашыл әрі озық ойлы көшбасшы ретінде танылды. Мұнымен қоса, әмірдің екінші жары — Шейха Мозаның жеделдетуімен жүзеге асқан ауқымды гуманитарлық және қайырымдылық жобалары әлем жұртшылығының жоғары бағасына ие болды.
2013 жылғы 24 маусымда әмір ел тізгінін өз ұлы, мұрагер ханзада Тамим ибн Хамад Әл-Таниге табыстайтынын мәлімдеді. Келесі күні, яғни 25 маусымда арнайы телекөрсетілім арқылы халыққа жолдау жасап, мемлекеттік істерден өз еркімен кетіп, демалысқа шығатынын ресми түрде жариялады.












