«Human Rights Watch» ұйымының бұрынғы атқарушы директоры Кеннет Рот АҚШ президенті Дональд Трамптың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы Иранға қатысты айтылған сөзін сынға алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы «Human Rights Watch» ұйымының бұрынғы атқарушы директоры Кеннет Рот «The Guardian» басылымында жариялаған мақаласында мәлімдеді.
Құқық қорғаушының айтуынша, бұл сөздер Иранның әскери және мемлекеттік инфрақұрылымына ғана емес, ел тұрғындарына да бағытталған болса, онда мұндай әрекет әскери қылмыс ретінде бағалануы мүмкін. Роттың мұндай тұжырым жасауына Трамптың Иранды өмір сүру мүмкіндігі және болашақ ұрпақтың болашағынан айыру қажеттігі туралы мәлімдемесі түрткі болды.
Сарапшының айтуынша, халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес, тек қарсы тараптың қарулы күштері ғана заңды әскери нысана бола алады. Ал бұл қауіптің бейбіт тұрғындарға төнуі жағдайдың құқықтық бағасын түбегейлі әрі сөзсіз өзгертеді.
Халықаралық Қызыл Крест комитетінің түсіндіруінше, қақтығысушы тараптар әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарды қатаң ажыратуға міндетті. Азаматтық халық пен нысандарға қасақана шабуыл жасауға, сондай-ақ негізгі мақсаты бейбіт тұрғындарды үрейлендіру болып табылатын зорлық-зомбылық қатерлеріне қатаң тыйым салынған.
Кеннет Рот Трамптың Иранға қатысты әскери риторикасына бұрын да алаңдаушылық білдірген болатын. Рот сәуір айында «The Guardian» басылымында АҚШ президентінің Иранның электр станциялары, көпірлері мен су инфрақұрылымын жою мүмкіндігі туралы мәлімдемелеріне талдау жасаған еді.
Роттың айтуынша, электр станциялары немесе көпірлер сияқты маңызды нысандарды «әскерилер де қолданады» деген сылтаумен соққы жасауға болатын заңды нысан деп санауға болмайды.
Роттың бұл сыны Вашингтон мен Тегеран арасындағы ұзаққа созылған текетірес аясында айтылды. БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзінде Трамп халықаралық қауымдастықты Иранды экономикалық тұрғыдан оқшаулауды күшейтуге шақырып, Тегеранның ядролық қаруға ие болмауы керектігін қатаң мәлімдеді. Сонымен қатар ол АҚШ-тың Ислам Республикасына қатысты келесі қадамдарын талқылау барысында да қатаң риторика ұстанды.
Кеннет Роттың пікірінше, Трамптың кейбір мәлімдемелері Вашингтонның келіссөздердегі ұстанымын күшейтуге ғана бағытталған болуы мүмкін. Оның айтуынша, АҚШ президенті Тегераннан ішкі саяси тұрғыда жеңіс ретінде көрсетуге болатын бірқатар жеңілдіктер алып, осы арқылы ұзаққа созылған қақтығыстан шығуға негіз қалыптастыруға тырысып жатыр.
















