Кентукки штатынан сайланған республикашыл конгрессмен Томас Мэсси АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсетке қатысты қызметтен босату рәсімін бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Томас Мэсси Қорғаныс министрін «билікті асыра пайдаланды» және «АҚШ-тың Иранға қарсы заңсыз соғысты бастауына қатысы бар» деп айыптады.
Сейсенбі күні Өкілдер палатасының отырысы басталғаннан кейін Мэсси Хегсетке қатысты айыптаудың сегіз бабын жариялады. Конгрессменнің айтуы бойынша, Қорғаныс министрі Иранға қарсы әскери операцияны бастау және жүргізу барысында 1973 жылғы Әскери өкілеттіктер туралы қарардың бірнеше талабын бұзған.
Мэссидің сөзінше, Хегсет соғысты Конгрестің рұқсатынсыз бастап, АҚШ әскерін шығаруға қатысты Конгресс талабын елемеген және бейбіт тұрғындар арасында қажетсіз шығындарға жол берген.
1973 жылғы Әскери өкілеттіктер туралы қарарға сәйкес, Президент, әдетте, Конгресс санкция бермеген жағдайда АҚШ әскерінің әскери қимылдарын 60 күн ішінде тоқтатуы керек. Әскерді ұйымдасқан түрде шығару үшін тағы 30 күн беріледі.
Мэсси Хегсеттің әрекеттері Ирандағы соғыспен ғана шектелмейтінін мәлімдеді. Конгрессмен сондай-ақ қаңтар айының басында АҚШ әскерінің Венесуэлаға басып кіруі кезінде Президент Николас Мадуроның тұтқындалуына қатысты Хегсетті сынға алды. Оның айтуынша, Қорғаныс министрі Конгрестің әскери өкілеттіктерге қатысты қарарларын елемей, өз өкілеттігін асыра пайдаланған.
Мэсси: «Осы жағдайлардың барлығында министр Хегсет Қорғаныс министрі ретінде берілген өкілеттігін асыра пайдаланып, әскери күш қолдануға қойылған конституциялық шектеулер мен соғыс жүргізуді реттейтін заңдарды өзінің саяси мақсаттарына бағындырды»,-деді. Оның пікірінше, Конгресс Хегсеттің конституцияға қайшы және заңсыз әрекеттерін елемеуге тиіс емес.
Хегсетке қарсы бұл бастама — президент Дональд Трамптың партиялас әріптесі тарапынан жоғары лауазымды тұлғаға жасалған саяси сын ретінде бағаланып отыр.
Алайда Хегсетті қызметінен түпкілікті босату үшін Сенатта айыптау үкіміне сенаторлардың үштен екісі дауыс беруі қажет. Қазіргі кезде Сенатты республикашылдар бақылайды. Өкілдер палатасы Мэсси ұсынған бұл мәселені бейсенбіге дейін қарауы тиіс. Осыдан кейін конгрессмендер Вашингтоннан ұзақ үзіліске кетеді. Үзіліс қараша айындағы аралық сайлауға дейін жалғасады.
Мэсси бұл бастаманы Пентагонның бас инспекторы Ирандағы соғыс салдарынан АҚШ әскерінің шығындары мен жұмысындағы іркілістерге қатысты алғашқы ресми бағалауын жариялағаннан кейін көтерді.
Есепте Иранның жауап соққылары Батыс Азиядағы АҚШ әскери базаларындағы жүздеген ғимарат пен нысанды зақымдағаны немесе қиратқаны айтылған. Сонымен қатар АҚШ армиясында кейбір негізгі оқ-дәрілер қорының азайғаны көрсетілген.
АҚШ Орталық қолбасшылығының деректеріне негізделген арнайы есепке сәйкес, 28 ақпан мен 30 маусым аралығында Иранның соққылары Кувейт, Бахрейн, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Ирак, Оман және Иорданияда орналасқан америкалық әскери базаларға орасан зор зиян келтірген. Сондай-ақ құжатта зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің радиолокациялық қондырғылары сынды маңызды әскери нысандардың істен шыққаны немесе жойылғаны атап көрсетілген.
Бұл шабуылдар АҚШ Орталық қолбасшылығын өңірдегі әскерлердің әрекет ету тәртібін өзгертуге мәжбүр еткен. Осыған орай, қолбасшылық жауап ретінде әскери қызметкерлерді, ресурстар мен қойма нысандарын қайта бөлді. Пентагонның бас инспекторы Батыс Азиядағы әскери контингенттің орналасу тәртібіне енгізілген бұл өзгерістер тұрақты сипат алуы мүмкін екенін ескертеді.
Сонымен қатар, құжатта америкалық әскери және барлау саласының өкілдері өңірдегі әскери қызметкерлер саны мен инфрақұрылым нысандарын ұзақ мерзімге қысқарту мүмкіндігін талқылап жатқаны айтылған.



















