Кеше, қаңтардың 3 күні Керманда болған қанқұйлы шабуылдардың жауапкершілігін әлі ешбір қозғалыс немесе топ өз мойнына алған жоқ.
Иранның жергілікті БАҚ мәліметі бойынша кеше генерал Қасым Сүлейманиді еске алу рәсімі кезінде «Шоһадойе Керман» гүлзары жақта жан түршіктірерлік екі лаңкестік шабуыл болды.
Соның салдарынан 95 адам қаза тауып, 300-ге жуық адам жарақат алды. Оның ішінде үш полиция, бір Қызыл Жарты ай қызметкері бар.
Керман губернаторының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары екі лаңкестік жарылыс болғанын растады.
Tasnim ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Шоһадайе Керман» гүлзарының кіреберісінде бомба салынған екі сөмке болған. Лаңкестер бомбаларды қашықтан басқару пульті арқылы жарған.
Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи шабуылшылардың әрекетіне қатаң жауап қайтаруға уәде беріп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Иран Президенті Ибраһим Раиси Түркияға сапарын кейінге қалдырды. Елдің Ішкі істер министрі мен полиция басшысы шабуылдар болған жерге барды. Бүкіл Иранда үш күндік аза жарияланды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жарылысты қатаң айыптады.
АҚШ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Кермандағы жарылыстарға көңіл айтып: «Америка Құрама Штаттарының Кермандағы жарылыстарда рөлі жоқ және Израильдің де бұл жерде рөл атқаруына ешқандай себеп жоқ» деп баса айтты.
Әлемнің көптеген елінің, соның ішінде Ресей, Түркия, Армения, Қазақстан басшылары, Сауд Арабиясы, Ирак, Катар, Иордания, Әзірбайжан, Оман және Пәкістан үкіметтері Иран Ислам Республикасының жоғары лауазымды тұлғаларына, ал Еуропалық Одақ Иран халқына көңіл айтты.












