Құрметті консул Саиб Шафиқ ан-Наххас мырза сириялықтардың Қазақстан туралы ойлары туралы сұхбат берді.
-Сириялықтардың Астана платформасы жөніндегі ойлары туралы не айтасыз?
-Сирия халқының көпшілігі Астанадағы Сирия бойынша келіссөз және одан бұрынғы Астана платформасын Женева келіссөздеріне нақты және сенімді балама ретінде қарастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ресейдің қамқорлығымен жүргізіліп жатқан осы келіссөздерге сириялықтардың оң көзқарасының маңызды себептерінің бірі оның Алеппоға апаратын кейбір жолдарды ашудағы және деэскалация аймақтарын құрудағы жетістігі болып табылады. Сондай-ақ Астана платформасын «өзара түсініктік қолшатыры» деп бағалаймыз және Қазақстан Республикасы ашық жұмыс істейтіндіктен және қай тараптың болса да істеріне араласпайтындықтан қатысушылардың сеніміне ие.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бұрын бастау алған бірлесіп құрылған отбасылар да бар. Қазақстан осы жағынан сириялықтар үшін таныс ел болып табылады.
-Екі ел арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы қандай?
-Сириядағы қазіргі жағдайды ескере отырып, екі ел арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастар қанағаттанарлық десе болады. Көптеген жергілікті мәселелерге ұстанымдарымыз ұқсас, халықаралық сахналарда әр елдің өзіндік саяси мүдделеріне жауап беретін тәуелсіз саясатына сәйкес өзара қолдау бар.
Мен, консул ретінде жақында Сирия Халық Ассамблеясы мен Қазақстан Сенаты арасындағы парламенттік қатынастарды осы айдың басында Сирия-Қазақстан парламенттік достық комитетінде, оның мүшелерімен өткізген алғашқы кездесуім арқылы жандандырдым. Оның барысында түрлі кездесулер, сапарлармен алмасу бойынша ақпарат және пікір алмасулар орын алды. Біз Қазақстанда 19 наурызда өткен парламенттік сайлаулар нәтижесі бойынша қазақстандық тараптың Қазақстан-Сирия парламенттік достық комитетін құруын күтеміз. Осы салада өзім бастаған ісім кең ауқымды кездесулерге жалғасады деп күтемін.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласына келетін болсақ, біз тікелей қазақстандық порттардың болмауына байланысты Қазақстан мен Сирия арасында жүк тасымалдау проблемасына тап болып отырмыз. Екі ел арасындағы тауар алмасуды бастауға ықпал ететін практикалық шешімдерге қол жеткізуге тырысамыз. Біздің түпкі мақсатымыз- сауда-экономикалық қатынастар деңгейін екі ел арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастар деңгейіне көтеру болып табылады.
Адамгершілік жағын сөз етсек, Қазақстан Сирия халқына және жалпы Сирия үкіметіне қатты әсер еткен жер сілкінісінен кейін гуманитарлық көмек жіберген алғашқы елдердің бірі болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар бағдарламасы Қазақстанда ғана емес, экономикалық, саяси және парламенттік жағынан ұқсас көптеген елдер үшін кешенді іс-қимыл жоспары бола алады деп сенемін.
-Бүгінгі таңда Сириядағы саяси және экономикалық жағдай қандай?
-«Халықаралық қауымдастық» Сирияға қарсы енгізген санкциялар деп аталатын «біржақты мәжбүрлеу шаралары» Сирия халқының күнделікті өміріне өте үлкен кедергі болып отырғаны ешкімге құпия емес. Бұл Сирия үкіметінің ұзақ мерзімді құру бойынша шешімдер қабылдауға немесе экономикалық іс-шараларды қабылдауға кедергі екенін айтпағанның өзінде белгілі. Соған қарамастан, үкіметтің негізгі және үкімет тарпынан қолдауға ие азық-түлік және қажетті заттармен қамтамасыз ету арқылы осындай жағдайға бейімделуге тырысатын қолайлы бастамалары бар.
Саяси деңгейде Сирия үкіметі Сирия мемлекетінің егемендігін, аумақтық тұтастығын сақтайтын және барлық заңсыз шетелдік күштерді ешқандай алдын-ала талаптар мен шарттарсыз Сириядан сөзсіз шығаратын жергілікті сириялық тараптар арасындағы саяси шешімге келуге ұмтылады.
















