Марокко Газа секторындағы палестиналықтарға 40 тонна медициналық көмек жіберу туралы шешім қабылдады.
Еуразия Тудейдің Марокко Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Марокко Королі VI Мұхаммед медициналық көмекті қоршауда қалған Газа секторына жіберуге нұсқау берген.
Министрліктің баспасөз хабарламасында: «Мароккалық көмек Газа секторын азық- түлікпен қамтамасыз ету үшін пайдаланылған құрлық бағыты бойынша жеткізіледі»,-деп жазылған.
Гуманитарлық көмек алдымен наурыз айында Марокко көмек тасымалдау үшін алғаш рет пайдаланған Керем-Шалом шекара өткеліне әуе арқылы жеткізілгеннен кейін Палестинаның Қызыл жарты ай қоғамының жүк көліктеріне тиеледі.
Газа секторына арналған гуманитарлық көмектің көп бөлігі Марокко Королінің жеке қаражатынан алынған.
Көмек пакетіне медициналық қажеттіліктерді қанағаттандыруға көмектесетін дәрі-дәрмекпен бірге күйіктерді емдеуге арналған жабдықтары бар 40 тонна медициналық зат кіреді.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 7 қазаннан бері Газа секторында қаза тапқандар саны 37 600-ге жетсе, жарақат алғандар саны 85 мың адамнан асты. Соғыста қаза тапқан газалықтардың 70 пайыздан астамы — әйелдер мен балалар.



















