Мемлекет басшысы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде әйелді шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы деп атады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 7 наурыз күнгі салтанатты іс-шараға жиналған барша қауымды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымына жылы лебізін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан, бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын”, – деді.
Мемлекет басшысы халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес екенін алға тартып, олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылғанын айтты: “Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында.
Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қазақ әйелінің ізбасары деуге болады. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысты.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын!” – деді.
Президент қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.
“Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы”, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
















