Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь тарапын қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырды.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Беларусь Елшісі Павел Утюпин Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Беларусь Республикасының Елшісі Павел Утюпинмен кездесуі барысында Қазақстан-Беларусь екіжақты деңгейдегі, сондай-ақ, көпжақты ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Министр Қазақстан БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті.
Еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді.
Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті.
Осыған байланысты Мұрат Нұртілеу Беларусь тарапын қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырды.
Айта кетейік, Беларусь президенті Александр Лукашенко жуырда «Россия» телеарнасына берген сұхбатында 2022 жылдың қаңтар айында Қазақстанда болған жағдайға сілтеме жасап, олар Қытай, Үндістан, Пәкістан қастарында болғанымен, «Путин, Лукашенко, көмектес!» деді» деген болатын.
















