Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагимнің шақыруымен 4-5 ақпан күндері Куала-Лумпурда ресми сапармен болады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Шавкат Мирзиеев Куала-Лумпур қаласында Премьер-министр Анвар Ибрагиммен екіжақты келіссөз, малайзиялық жетекші компаниялардың топ-менеджерлерімен кездесулер өткізіп, бірлескен бизнес-форум жұмысы мен тағы басқа шараларға қатысады.
Алдағы жоғары деңгейдегі байланыстардың күн тәртібінде Өзбекстан-Малайзия достық қарым-қатынасын одан әрі тереңдету және практикалық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде сауда, инвестиция, инновациялар, технологиялық ынтымақтастық, мұнай-химия, электроника, жасыл энергетика, смарт-технология, ауыл шаруашылығы, туризм сияқты басым салалардағы мәселелер бар.
Сондай-ақ, көшбасшылар халықаралық саясат пен өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырады.
Саммит қорытындысы бойынша екі мемлекет арасындағы толық ауқымды серіктестікті одан әрі дамытуға бағытталған Бірлескен мәлімдеме мен келісімдердің қомақты пакетін қабылдау жоспарлануда.












