Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Оманды Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі деп атады.
Еуразия Тудейдің СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мұрат Нұртілеу бұл туралы Астанаға ресми сапармен келген Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаидимен кездесуде мәлімдеді.
М.Нұртілеу: «Оман – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі. Елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктерге ие», – деді.
Кездесу барысында министрлер саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Ерекше назар энергетика, көлік, логистика, қаржы және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларына аударылды.
Өз кезегінде Б.Әл-Бусаиди Астананың Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі ретіндегі рөліне тоқталып, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік бейілділігін растап, елдер арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Осы тұрғыда Оманның сауда-экономикалық өзара іс-қимыл әлеуетін іске асыру үшін Қазақстан мен көрші елдер арасында Тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі бастамасы қолдау тапты.
Бұл Оман сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы ресми келуі.
















