Оманда Иран, Ирак пен Парсы шығанағының оңтүстігіндегі алты ел Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кездесу келесі дүйсенбі күні Оманның Салала қаласында өтеді.
Кездесудің күн тәртібінде Ормұз бұғазы арқылы кемелердің қозғалысын реттеуге қатысты аралық келісім қарастырылады.
Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи кездесудің өтетінін растады. Оның айтуынша: «Аймақтан тыс мемлекеттердің бүлдіргі әрі жік салғыш араласуынсыз бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өңір елдері арасында сенім мен ынтымақтастық орнатуға бағытталған Иранның тұрақты күш-жігері аясында Парсы шығанағы және Оман шығанағы жағалауындағы елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу бастамасы – осы бағыттағы маңызды өзгеріс.
Бұл оқиға аймақ елдері арасындағы өзара түсінікті арттырып, өңірлік ортақ қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады деп үміттенеміз», – деді.
Бақайидың айтуынша, дүйсенбі күні Оманда Иран, Ирак және Парсы шығанағының басқа да жағалаудағы елдері қатысатын жиында аймақ мәселелерімен қатар, Ормұз бұғазындағы сауда кеме қатынасы үшін қауіпсіз жолдарды анықтау бойынша Иран мен Оман арасындағы келіссөздердің нәтижелері де талқыланады.
СІМ ресми өкілі Иран мен Оман арасындағы Ормұз бұғазындағы уақытша кеме қатынасы жолдары туралы қол жеткізілген уағдаластықты еске салып: «Ислам Республикасы Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуға міндетті санайды. Алайда АҚШ-тың теңіз қоршауы мен экономикалық соғысты қамтитын басқыншы әрекеттері мен заңсыз араласулары жалғасып жатқанда Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін емес», – деп нақтылады.
Ұлыбританияның «Financial Times» газеті де хабардар дереккөздеріне сілтеме жасап дүйсенбі, қыркүйектің 14 күні Оманның Салала қаласында Парсы шығанағы елдер мен Иран Сыртқы істер министрлері арасында Ормұз бұғазына қатысты аралық келісім жөніндегі консультациялар өтетінін хабарлады.
Айта кетейік, кездесу Оманның бастамасымен Иран мен аймақ елдері арасындағы шиеленісті азайту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
















