Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазы маңында кеме қатынасы талаптарын бұзған кемелерге соққыларын күшейтіп жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, негізгі нысаналардың қатарында 50–100 мың баррель мұнай тасымалдай алатын шағын танкерлер, яғни «шаттлдар» бар.
Бір қызығы, аталған шабуылдар туралы ақпаратты Иран да, осы кемелерге иелік ететін немесе оларды жалға алатын Біріккен Араб Әмірліктері де жария етпей отыр. Сонымен қатар, теңіздегі ахуалды бақылайтын британдық ұйымдар мен кемелерді қорғауға ниетті екенін мәлімдеген АҚШ тарапынан да ресми ақпарат берілмеген.
Үндістандық теңізшілердің хабарлауынша, кеше ұшқышсыз ұшу аппараты Оманның Сохар портына шабуыл жасаған. Соққының нысанасы болған Petro Dolphin танкерінде әлі де өрт болып жатыр.
Кемедегі 12 экипаж мүшесінің екеуі із-түзсіз жоғалған. Олардың қаза тапқан болуы мүмкін деген болжам бар. Экипаж құрамында Бангладештің бір және Үндістанның 11 азаматы болған.
Оман шығанағының Сохарға таяу акваториясында «шаттл» операциялары жүзеге асырылады. Бұл жерде мұнай бекітілген ережелерді бұза отырыпОрмұз бұғазы арқылы өткен танкерлерден мұндай тәуекелге бас тіккісі келмейтін басқа кемелерге қайта тиеледі. Осыған байланысты, Иран соққыларының бұл аймаққа да шарпуы әбден күтілген жағдай еді.
Қазіргі таңда Иран теңіздегі кемелерге соққы беру ауқымын кеңейтіп жатыр. Кеше теңіз минасына түсіп, жарылған аса ірі мұнай танкерінің сәті түсірілген бейнежазба да тарады. Мәліметте оқиғаның Ормұз бұғазынан едәуір қашық жерде болғаны айтылған.
Бұл жағдай БАӘ билігінің Иранды айналып өтіп, АҚШ-тың қолдауына сүйену үшін жұмсаған күш-жігерінің нәтижесіне күмән туғызады.
«Шаттл-танкер» деп алып мұхит кемелерімен салыстырғанда, мұнайды қысқа қашықтықтар арасында ары-бері тасымалдауға арналған кемелерді атайды.
Соңғы айларда әскери-саяси шиеленістің күшеюі және Ормұз бұғазы арқылы өтетін кемелерді сақтандыру құнының күрт өсуі аймақтағы елдерді балама тасымалдау тәсілдерін қолдануға итермелеген. Солардың бірі -«шаттл тасымалы» деп аталатын әдіс.
Бұл тәсіл бойынша шағын танкерлер Парсы шығанағындағы терминалдардан мұнай тиеп, кейін оны бұғаздан тыс орналасқан қауіпсіздеу порттарда ірі танкерлерге ауыстырып береді. Мұнайды кемеден кемеге тікелей ауыстырып тиеу операциясы халықаралық тәжірибеде STS (ship-to-ship) деп аталады.
Мұндай операциялар БАӘ-дегі Фуджейра немесе Омандағы Сохар порттары маңында жүргізілуі мүмкін. Оның негізгі мақсаты-ірі халықаралық танкерлердің әскери қауіп жоғары аймақтар арқылы өту қажеттілігін азайту және тасымалдау тәуекелдерін төмендету.
















