Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары қарсаңында Ош қаласында Қазақстан Бас консулдығының ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, Қырғызстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев, Қырғызстан Президентінің Ош облысындағы Өкілетті өкілі Эльчибек Джантаев, Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, сондай-ақ қырғыз қоғамының және іскер топтарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Е.Қоныспаев аталған өңірде ҚР Бас консулдығының ашылуы екі ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастың берік әрі мызғымас сипатын айқындайтын ерекше маңызды оқиға екенін айтып: «Қазақстан мен Қырғызстан – көршілер ғана емес, ортақ құндылықтар мен Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге ұмтылыс біріктірген ең жақын серіктестер және одақтастар», – деді.
Ош қаласының мэрі Ж.Токторбаев өз сөзінде ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай қаладағы көшелердің біріне оның есімі берілетінін хабарлады.
Қазақстан Бас консулдығының консулдық округіне Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстары кіреді. Аталған өңірлерде шамамен 3 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрады.
500 мыңға жуық халқы бар Ош қаласы – Қырғызстанның оңтүстік өңірінде әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретінде маңызды рөл атқаратын елдің екінші ірі қаласы.















