Талибан қозғалысының өкілі Забихулла Муджахид Кабул мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты реттеуге Пәкістандағы “ерекше топ” басты кедергі болып отырғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Забихулла Муджахид Tasnim News агенттігіне берген сұхбатында айтты. Муджахид ел ішінде аймақтағы тұрақтылықты қаламайтын және көрші мемлекеттердегі жағдайды жүйелі түрде тұрақсыздандырып отырған топтың барын айтты.
Талибан қозғалысы өкілінің сөзінше, көптеген пәкістандық саясаткерлер мен қоғамның бір бөлігі шиеленістің ушығуына наразы, алайда осы топ екі елдің бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік бермей отыр.
Сондай-ақ, Муджахид Исламабадқа жасалған таңғы соққыларға қатысты пікір білдіріп, бұл шабуылдардың Пәкістанның беделін жермен-жексен еткенін мәлімдеді. Ол Ислам Әмірлігінің әрекеттері пәкістандық жоғары лауазымды тұлғалар үшін айқын белгі екенін айтып, Кабулдың төзімі шектеулі екенін, ал қозғалыстың алға қойған мақсаттарына жетуге қауқарлы екенін ескертті.
Забихулла Муджахид Пәкістан аумағындағы шабуылдарға қатысты жаңа мәліметтерге де тоқталып, оларды Ислам Әмірлігінің “жауап қайтару әрекеттері” деп атады. Оның мәлімдеуінше, шабуылдау операциялары кезінде 55 пәкістандық әскери қызметкер қаза тапқан. Сонымен қатар, тағы 23 мәйіт тәліптердің бақылауында. Әскерилердің бір бөлігі тірідей тұтқынға алынып, Пәкістан күштерінің екі ірі базасы жойылған.
Дюранд сызығының бойындағы 19 кіші бекет толығымен қиратылып, Пәкістанның екі танкісі істен шығарылған.
Муджахид Ауғанстан тарапынан болған шығындарды да мойындады. Оның сөзінше, 13 сарбаз қаза тауып, 22-сі жараланған. Сонымен қатар, ол бейбіт тұрғындар арасында да құрбандар бар екенін айтты. Оның айтуы бойынша, өткен түні Пәкістанның шабуылдары салдарынан 13 бейбіт тұрғын зардап шеккен, ал соққылар жалғаса берсе құрбандар саны артуы мүмкін.




















