Палестина БҰҰ Бас Ассамблеясының екі мемлекет принципін жүзеге асыру туралы шешімін құптады.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Палестина вице-президенті Хусейн аш-Шейх әлеуметтік желіде жазды.
Хусейн аш-Шейх БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк декларациясын қабылдағанына ризашылығын білдіріп: “Бұл шешім халқымыздың құқықтарына халықаралық қолдауды білдіріп, 1967 жылғы шекаралар аясында астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады”, — деді.
Аш-Шейх Палестина мемлекетінің халықаралық деңгейде мойындалуы палестиналықтардың құқықтарын нығайтудың, екі мемлекет құру шешімін сақтап, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі алғышарты болып табылатынын баса айтты.
Палестина Сыртқы істер министрлігі де бұл құжатты қолдап, оны Бас Ассамблеяның 80-сессиясында қабылданған алғашқы шешім деп атады.
Сонымен қатар, Палестина Сыртқы істер министрлігі қарар жобасын ұсынған, оны енгізген, құжатты қолдап, Нью-Йорк декларациясының Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжатына айналуына дауыс берген барлық елдердің рөлін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, Палестина билігі халықаралық қауымдастықты режимнің шабуылдарды, Газада аштықты қару ретінде пайдалануды және күштеп қоныс аударуларды тоқтатып, барлық тұтқын мен ұсталғандарды босатулары үшін Израильге қысым көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, Бас Ассамблея көпшілік дауыспен, яғни 142 ел қолдап, 10 ел, оның ішінде Америка Құрама Штаттары мен Израиль қарсы болып, 12 ел қалыс қалған Франция мен Сауд Арабиясы ұсынған қарарды қабылдады. Құжат ХАМАС қозғалысының қатысуынсыз Палестина мемлекетін мойындау және Израиль мен Палестина қақтығысын бейбіт жолмен шешуді көздейді.




















