Иран Президенті Масуд Пезешкиан Америка Құрама Штаттары мен халықаралық қауымдастықтың қос стандартты саясатын қатаң сынға алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Спорт және жастар министрлігінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Президент Пезешкиан: «Бір халықты өзінің заңды құқықтарынан айыратындай АҚШ президенті кім еді?»-деді.
Иран Президенті дініне немесе нәсіліне қарамастан әрбір адам өз құқықтарына қол жеткізуі тиіс екенін айтып, халықаралық қатынаста әділдік орнатуға шақырды.
Масуд Пезешкиан Иранның бейбітшілікті сүйетін ел екенін баса айтып: «Біз соғысқа ұмтылмаймыз. Біздің жасап жатқан әрекетіміз — заңды тұрғыдан өзін-өзі қорғау. Кез келген адам және кез келген халық өзіне шабуыл жасалған жағдайда қорғанады», — деді.
Сонымен қатар, Иран Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы мен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарды аймақтағы Израиль мен Америка Құрама Штаттарының әрекеттеріне үнсіз қалғаны үшін сынады. Пезешкианның айтуынша, бейбіт тұрғындар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатқанда, бұл құрылымдар үнсіздік танытуда немесе тек ресми алаңдаушылық білдірумен ғана шектелуде.


















