БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келген Иран Президенті Масуд Пезешкиан әуежайда берген сұхбатында Иранның бүкіл әлемге жолдауын бейбітшілік пен қауіпсіздік деп баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, жексенбі күні Иран Президенті Масуд Пезешкиан БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келді.
Пезешкиан сапарында қандай маңызды мәселелерді көтеретіні туралы қойылған сұраққа: «БҰҰ Бас Ассамблеясы бейбітшілік, орнықты даму және адами қадір-қасиет жолындағы бірлік пен әртүрлілік барлық жерде және барша үшін бірдей деген ұранын жариялады. Иранның бүкіл әлемге жолдауы — бейбітшілік пен қауіпсіздік»,- деп жауап берді.
Президент сөзін жалғастырып: «Қантөгіс, соғыс және кісі өлтірудің орнына, біз барлық адам өздерінің түсіне, нәсіліне, этникалық тегіне және өмір сүру аймағына қарамастан, жайлы өмір сүре алатын әлем құруымыз керек. Өкінішке орай, біз өмір сүріп жатқан әлем қазір ондай емес. Барлық адамдардың жер бетінде өмір сүру мүмкіндігі бірдей болуы керек»,- деп қуаттады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысып, Ислам Республикасының халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарын түсіндіру үшін Нью-Йоркке келген Иран Президентін Нью-Йорк штатындағы Джон Кеннеди халықаралық әуежайында Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасарлары Маджид Тахт-Раванчи мен Казем Ғариб Абади, ИИР-ның БҰҰ-дағы елшісі Амир Саид Иравани, Иранның БҰҰ жанындағы елшісі, Тұрақты өкілінің орынбасары Заһра Аршади және бір топ ирандық дипломаттар қарсы алды.
Масуд Пезешкиан ертең, 24 қыркүйек күні БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлейді. Онда Пезешкиан Ислам Республикасының әртүрлі мәселелер бойынша көзқарастары мен ұстанымдарын баяндайды. Сонымен қатар Пезешкианның «Болашақ саммитіне» қатысуы, АҚШ-тағы Иран диаспорасы және БАҚ өкілдерімен кездесуі, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттің басшыларымен келіссөздері жоспарланған.
















