Масуд Пезешкиан Иранның соғыстан қорықпайтынын баса айтып, Дональд Трамптың президенттігі аймақ пен әлемге бейбітшілік әкеледі деген үміт білдірді.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, жуырда америкалық NBC телеарнасы Иран Президенті Масуд Пезешкианның осы америкалық БАҚ-на берген сұхбатының бір бөлігін жариялады.
Масуд Пезешкиан Лестер Холттың Ирандағы президенттік сайлауға қатысу себептері туралы сұрағына: “Мен елдегі және көршілес елдердегі мәселелерге байланысты президенттік сайлауға түсіп, бұл мәселелерді шешуге шешім қабылдадым”, — деп жауап берді.
Президент Пезешкиан Дональд Трамптың Иранға қысымды күшейту туралы қоқан-лоққыларына қатысты: “Айқын жәйт, ол АҚШ өміріміздің басынан бастап Иранды құлатуға ұмтылды. Трамптың оралуы аймақ пен әлемде соғыс пен қантөгіске емес, бейбітшілікке әкеледі деп үміттенемін”,-деді.
Иран Президенті Вашингтонмен тікелей және ашық келіссөз жүргізу мүмкіндігі туралы сұраққа: “Біздің мәселеміз келіссөз емес, келіссөз мен диалог нәтижесінде туындайтын міндеттемелер. Біз «алтылық» елдерімен ұзақ келіссөз жүргіздік және барлық міндеттемемізге берік болдық. Бірақ, өкінішке орай, екінші тарап өз міндеттемелеріне табандылық танытпады”,- деп жауап берді.
Пезешкиан тілшінің Израиль мен АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатудағы ықтималды әскери әрекеттеріне реакциясы туралы сұрағына: “Әрине, біз кез келген әрекетке жауап береміз. Біз соғыстан қорықпаймыз, бірақ оған ұмтылмаймыз”, -деді.
Пезешкиан тілшінің “Қазіргі жағдайда Иранға шабуыл жасалуы мүмкін деп ойлайсыз ба?” деген сұрағына: “Бұл болмайды деп үміттенемін. Өйткені бұл бізге ғана емес, барлық қатысушыға да тиімсіз болады. Қазіргі шиеленіс екі жаққа да пайда әкелмейді. Осы уақытқа дейін жасалған істеріміздің бәрі бейбіт түрде болды және біз ядролық қаруға ұмтылмадық. Дегенмен, олар бізді бомба жасады деп айыптауда. Бұл олардың қандай да бір сылтау іздеп, қастандығын жалғастыруға тырысатын әрекеттері. Бұл дұрыс емес”,- деп жауап берді.
Масуд Пезешкиан Газа секторындағы, Ливан мен Сириядағы соңғы оқиғалар мен Иранның позициясының әлсірегені туралы айтылған уәждерге тоқталып: “Мен бұл жерде ешқандай байланысты көріп тұрған жоқпын. Кейбір достар байланысты көруі мүмкін, бірақ өткен жылмен салыстырғанда ел ішіндегі халықтың ынтымағы, күші мен қатысуы артып, елдегі қауіпсіздік тұрақты болды”, -деп баса айтты.
















