Ресей елшісі Алексей Бородавкин Президент Владимир Путиннің Қазақстанға сапармен келетінін мәлімдеді.
Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир 2026 жылы Қазақстанға келетінін хабарлады. Сапардың нақты мерзімі әлі белгіленген жоқ.
Сұхбат дипломатиялық миссияның ресми YouTube-арнасында жарияланды.
Елші Алексей Бородавкин атап өткендей, 2026 жылға жоспарланған бұл сапар — 2025 жылғы қарашадағы Мәскеу кездесуінің заңды жалғасы. Қазіргі уақытта екі елдің сыртқы істер министрліктері сапардың мазмұндық бөлігін пысықтап жатыр.
Күтіліп отырған сапар аясында энергетика, логистика (транзит дәліздері) және өнеркәсіптік кооперация мәселелері басты назарда болмақ. Әсіресе, газ тасымалы және жаңа инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы туралы келісімдер күтілуде.
Сарапшылар бұл сапар аясында Қазақстан мен Ресейдің кезекті Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтуі мүмкін екенін болжайды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барды.












