Ресей президенті Владимир Путин Қытайға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен 16-17 мамыр күндері барады.
Еуразия Тудейдің Кремль баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Владимир Путин 2024 жылдың 16-17 мамыр күндері Қытайға президенттік қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапары ретінде барады.
Владимир Путиннің Қытайға сапары барысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьер-министрі Ли Цянмен кездесіп, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылайды.
Сонымен қатар Ресей мен Қытай басшылары кездесуде жан-жақты серіктестік пен стратегиялық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын егжей-тегжейлі талқылап, екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын белгілейді, сондай-ақ ең өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда. Сонымен қатар, Владимир Путин мен Си Цзиньпин дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 75 жыл толуына және Ресей-Қытай мәдениеті жылдарының ашылуына арналған ресми рәсімге қатысады.
Кремль мәліметінше, Ресей президенті сондай-ақ Хэйлунцзян провинциясының әкімшілік орталығы Харбин қаласына барып, 8-ші Ресей-Қытай көрмесі мен 4-ші Ресей-Қытай аймақаралық ынтымақтастық форумының ашылу салтанатына қатысады. Сонымен қатар Путин Харбин политехникалық университетінің профессорлары және студенттерімен кездеседі.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин Путиннің сапарын растап, Ресей президенті Владимир Путиннің сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылайтынын айтты.



















